Шуда соққыға жығылған әйел ауруханада көз жұмды

Жамбыл облысының Шу қаласында ауыр дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген әйел есін жимастан қайтыс болды. Марқұмның қызы анасының бұрын бірге тұрған ер адамынан таяқ жегенін айтқан. Полиция 40 жастағы күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жедел жәрдемді 10 сағаттан кейін шақырған
1976 жылы туған әйел 24 қарашада кома жағдайында ауруханаға жеткізілген. Қызының айтуынша, әйелді бір күн бұрын бұрын бірге тұрған ер адам аяусыз ұрып-соққан. Алайда ер адам жедел жәрдемді арада 10 сағат өткеннен кейін ғана шақырған. Ол мұны әйелді ұйықтап жатыр деп ойлағанымен түсіндірген. Сондай-ақ жауап алу кезінде әйелдің өздігінен бес рет құлағанын мәлімдеген.
«НеМолчи.kz» қоғамдық қоры әйелдің қайтыс болғанын растады. Қордың мәліметінше, дәрігерлер комада жатқан әйелдің көз жұмғанын қызына хабарлаған.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды
Әйелдің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция 40 жастағы күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеуді Жамбыл облысы полиция департаментінің Тергеу басқармасы жүргізіп жатыр. Қылмыстық істің барысы ерекше бақылауға алынған. Оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады.