Әкімдіктен тапсырма берілген жоқ – Семейде екі асаба әкімге ән арнап, жұртты шулатты

Абай облысының әкімі Берік Уәлиді мақтап, оған ән арнаған екі жігіттің видеосы желіде қызу талқыланған. Әкімнің баспасөз хатшысы Азамат Қасым екі асаба таратқан видеоға облыс әкімдігінің еш қатысы жоқтығын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Азамат Қасым бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және әлеуметтік желі қолданушыларына арнап жазба жариялап, әлеуметтік желілерде Семей қаласындағы екі асаба жігіттің түсірген, облыс әкімін мақтаған мазмұндағы, бейнежазбасы қызу талқыланып, қоғамда түрлі пікірлер туындап отырғанын жеткізді. Осыған байланысты жағдайдың мән-жайына қатысты ресми түсініктеме беруді жөн көрген.
“2026 жылғы 25 қараша күні кешкі уақытта Instagram және TikTok әлеуметтік желілерінде аталған бейнежазба жарияланғаны анықталды. Оны көрген бойда бейнежазбаны әлеуметтік желілерден дереу өшіру жөнінде талап қойылды. Нәтижесінде авторлардың парақшаларынан видео алынып тасталды. Алайда сол аралықта бейнежазбаның көшірмелері жасалып, WhatsApp мессенджері мен өзге де ақпараттық арналар арқылы таралып үлгерген. Осы ретте бір маңызды жайтты нақтылап өткіміз келеді. Аталған бейнежазбаның облыс әкімдігіне, оның құрылымдық бөлімшелеріне немесе өңірдегі мәдениет мекемелеріне ешқандай қатысы жоқ. Оны түсірген азаматтар мемлекеттік органдардың немесе мәдениет ұйымдарының қызметкерлері емес. Бейнежазба жеке бастамамен әзірленіп, жарияланған. Облыс әкімдігі тарапынан мұндай мазмұндағы материалды түсіруге немесе таратуға ешқандай тапсырма берілген жоқ”, – дейді Азамат Қасым.
Ол мемлекеттік органдардың, өңірлік мекемелер мен ресми тұлғалардың атын немесе беделін қандай да бір жеке бастамалармен байланыстыруға қатысты мәселеде ақпараттың анықтығы мен шынайылығы сақталуы қажет деп санайтынын жеткізді. “Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушыларынан ақпарат тарату кезінде оқиғаның нақты мән-жайын ескеруді, расталмаған мәліметтер мен жаңсақ пайымдарға жол бермеуді сұраймыз” дейді Азамат Қасым.