Қазақстанда өнерімен бала кезінен танылған таланттар аз емес. Халықаралық пианино байқауларында топ жарған Санжарәли Көпбаев, бала күнінен күй шығарып, елге танылған Нұрсәт Бейсеқожа, мектеп оқушысы кезінде ересектер арасындағы республикалық айтыста жүлде салған Рүстем Қайыртайұлы, кейін халықаралық сахнада Қазақстанның атын шығарған Ержан Максим мен Данелия Төлешова – соның мысалы. Тоқсаныншы жылдардағы «Әнші балапан» жобасы талай жас орындаушының бағын ашса, кейінгі «Айгөлек» балалар байқауы да өнерге құштар өрендерге үлкен сахнаның есігін ашып берді. Қазір шығармашыл баланы қолдау жекелеген жоба, байқаулармен шектелмейді. Мемлекет кез келген баланың өз қабілетін байқап, қызығушылығына қарай өнер бағытын таңдауына мүмкіндік беретін тегін үйірмелер жүйесін дамытып келеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Шығармашылық үйірмелерге 55 миллиард теңге
Баланың бойындағы қабілетті ерте анықтау үшін оған мүмкіндік беру керек. Бірі ән айтуға, екіншісі домбыра тартуға, үшіншісі сурет салуға немесе театр өнеріне қызығуы мүмкін. Алайда ақылы үйірмелердің бағасын барлық отбасының бюджеті көтере бермейді. Осы кедергіні азайту үшін мемлекет балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерге мемлекеттік тапсырыс орналастыру тетігін енгізген.
Бұл жүйе бойынша бюджет қаржысы мемлекеттік ұйымдармен қатар, талаптарға сай келетін жекеменшік шығармашылық орталықтарға да бөлінеді. Балалар вокал, хореография, театр, бейнелеу өнері, қолөнер, музыкалық аспаптар және басқа да бағыттар бойынша тегін білім алады. Қаржыландыру жан басына шаққандағы норматив бойынша жүргізіледі, яғни мемлекет үйірмеге қатысқан балаға көрсетілген қызмет үшін ақы төлейді.
Оқу-ағарту министрлігінің 2025 жылғы есебінде мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында 219 мың баланы қамту үшін жергілікті бюджеттерден 55 миллиард теңге бөлу жоспарланғаны көрсетілген. Бұдан бөлек, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша тағы 35 мың баланы қосымша біліммен қамтуға 5,5 миллиард теңге қарастырылған. Ал спорттық тапсырыс аясында 300 мың балаға үшін 50 миллиард теңге бағытталған. Үш бағыттың жалпы көлемі 110,5 миллиард теңгеден асады. Соның ішінде 55 миллиард теңгесі тікелей шығармашылық үйірмелерге арналған.
“Қосымша білім беруді баланың бос уақытын өткізетін орын ретінде ғана қарастыруға болмайды. Оның көмегімен оқушы өзіне қай бағыт жақын екенін анықтайды, қабілетін байқап көреді, жаңа ортаға бейімделеді. Бір бала музыкаға, екіншісі техникаға, үшіншісі спортқа немесе өнерге қызығуы мүмкін. Осындай мүмкіндіктер баланың болашақ мамандығын таңдауға да әсер етеді. Сондықтан қосымша білім беру барша балаға қолжетімді болуы керек. Бұл жерде отбасының табысы баланың қабілетін дамытуға кедергі болмауға тиіс, – деген болатын бұрынғы Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова.
3,5 миллион бала қосымша біліммен қамтылды
Мемлекеттік қолдаудың ауқымын балаларды қосымша біліммен қамту көрсеткіштерінен де байқауға болады. 2022 жылы бұл көрсеткіш 75,5 пайыз болса, 2023 жылы 81,1 пайызға, 2024 жылы 86,3 пайызға жетті. Оқу-ағарту министрлігінің 2025 жылдың ресми мәліметіне сенсек, қосымша білім алып жүрген балалар саны 3,5 миллионға жеткен. Оның ішінде 2,2 миллион оқушы тегін үйірмелер мен секцияларға қатысады.
Еліміздегі қосымша білім беру ұйымдарының желісі де кеңейіп келеді. 2025 жылдың қорытындысында олардың саны өткен жылмен салыстырғанда 25 пайыз өсіп, екі мыңнан асты. Үш жыл ішінде ауылдық жерлердегі балаларға арнап 1 251 комьюнити-орталық ашылды.
Ваучерлік жүйе: таңдау баланың өзінде
2025 жылдың маусымнан бастап спорт, шығармашылық және қосымша білім беру салаларының басын бір арнаға тоғыстырған ваучерлік жүйе пилоттық режимде іске қосылды. Оның негізгі қағидаты – «ақша баланың соңынан жүреді». Яғни ата-ана баласының қызығушылығына қарай үйірмені таңдайды, ал мемлекет сол қызметтің ақысын төлейді. Былтыр 600 мыңнан астам бала қосымша білімге ваучер алған. Жоба Астана мен Шымкент қалаларында, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау және Қызылорда облыстарында жүзеге асырылды.
2026 жылы балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерге мемлекеттік тапсырыс орналастыру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Жаңа тәртіп бойынша үйірмелерге орын бөлу, балаларды қабылдау және мемлекеттік тапсырысты орналастыру Ұлттық білім беру дерекқорымен интеграцияланған цифрлық жүйе арқылы жүргізіледі. Бұл ата-аналардың өтініш беруін жеңілдетіп, қаржыландыру процесін ашық етуге бағытталған.
Болашақ өнерпаздарға жаңа мүмкіндік
2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында да қосымша білім беру жүйесін дамытуға басымдық берілген. Құжатта блалардың қосымша біліммен қамту көрсеткішін 2027 жылы 100 пайызға жеткізу міндеті қойылған.
Бала күннен өнермен кәсіби деңгейде айналысуға болатынын дәлелдеп жүрген жас отандандастарымыз да баршылық. 2023 жылы 12 жастағы Шерхан Арыстан Беларусьтің Витебск қаласында өткен XXI халықаралық балалар музыкалық байқауында Гран-при иеленді. 2024 жылы 11 жастағы қарағандылық Мағжан Мыңбаев Италияда өткен Sanremo Junior халықаралық балалар вокалдық байқауында екінші орын алып, музыкалық аспапта үздік орындағаны үшін арнайы жүлдеге ие болды. Сол жылы АҚШ-та білім алып жүрген 16 жастағы Әделина Мұхамеджанова Radda Rise халықаралық вокалдық байқауында бірінші орынға шықты. Ол Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әнін орындап, қазылардың бірауыздан шешімімен жеңімпаз атанды. Ал Ригада өткен «Riga Symphony – 2024» фестивалінде Қазақстаннан барға жас өнерпаздар екі Гран-при, үш бірінші орын және бес алтын медаль жеңіп алды.
Бұл жетістіктер Қазақстанда балалар шығармашылығының әртүрлі бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді. Бірі вокалдан, екіншісі аспаптық музыкадан, үшіншісі дәстүрлі өнерден халықаралық деңгейге шығып жатыр.