Қаржы

Инфляция 15 жыл бойы 5 пайызға түспеуі мүмкін

Қазақстан Ұлттық банкі сарапшылары инфляцияның ұзақ мерзімді деңгейіне қатысты есептік модель ұсынды. Онда алдағы 15 жыл бойы елдегі инфляция 6,5 пайыз шамасында сақталады деген болжам қарастырылған. Бұл – реттеуші белгілеген 5 пайыздық нысаналы көрсеткіштен 1,5 пайыздық тармаққа жоғары. Зерттеу Ұлттық банктің «Экономикалық шолу» басылымында жарияланды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ұлттық банк сарапшылары инфляцияны қалай есептеді

Биыл 26 қарашада жарияланған «Экономикалық шолудың» №2 санында Ұлттық банк қызметкерлері Кенес Жанұзақов, Елжан Аманкелді және Дина Құрманбек жүргізген зерттеу жарық көрді. Оның мақсаты – мемлекеттік бағалы қағаздардың (МБҚ) іргелі кірістілік қисығын есептеу. Бұл көрсеткіш нарықтағы мемлекеттік облигациялар кірістілігін макроэкономикалық жағдайға сүйене отырып бағалауға мүмкіндік береді. Зерттеу авторлары елдегі бағалы қағаздар нарығында қалыптасқан кірістілік көрсеткіштері экономикалық жағдайды әрдайым дәл көрсете бермейтінін айтады. Бұған қайталама нарықтағы өтімділіктің төмендігі мен ірі институционалдық инвесторлар сұранысының шоғырлануы әсер етеді.

Сарапшылардың есептік моделінде алғашқы үш жылға арналған инфляция көрсеткіштері мынадай:

  • Бірінші жылы – 10,5 пайыз;
  • Екінші жылы – 7,5 пайыз;
  • Үшінші жылы – 6,5 пайыз.

Ал төртінші жылдан бастап 15 жылдық кезеңнің соңына дейін инфляция 6,5 пайыз деңгейінде сақталады деп алынған. Яғни осы модель бойынша Қазақстандағы инфляция алдағы 15 жылда Ұлттық банктің 5 пайыздық нысаналы деңгейіне дейін төмендемейді. Сонымен қатар модельде базалық мөлшерлеменің алғашқы жылдары 16 пайыздан 13 пайызға, кейін 11 пайызға дейін төмендеуі қарастырылған. Төртінші жылдан бастап ол 11 пайыз деңгейінде қалады. Ал жалпы ішкі өнімнің жылдық өсімі 4 пайыз болады деген болжам алынған.

Мемлекеттік облигациялардың кірістілігі қандай

Зерттеу барысында сарапшылар инфляция мен базалық мөлшерлемеден бөлек, инвесторлар үшін туындайтын тәуекелдерді де ескерген. Олардың қатарында инвестиция мерзіміне, нарықтағы өтімділікке және инфляцияға байланысты белгісіздіктер бар. Есеп бойынша, инфляциялық тәуекел үшін берілетін үстеме екі жылға дейінгі мерзімде нөлге тең. Одан кейін біртіндеп өсіп, 15 жылдық кезеңде 1,51 пайыздық тармаққа жетеді. Ал белгісіздікке байланысты жиынтық үстеме осы мерзімде 3,86 пайыздық тармақты құрайды. Нәтижесінде мемлекеттік бағалы қағаздардың іргелі кірістілік қисығы U тәрізді қалыптасқан.

Атап айтқанда, бір жылдық облигациялардың есептік кірістілігі 16,93 пайыз деп бағаланды. Бес жылдық мерзімде бұл көрсеткіш 14,92 пайызға дейін төмендейді. Ал 15 жылдық облигациялар бойынша кірістілік қайта өсіп, 15,54 пайызға жетеді. Салыстыру үшін зерттеуде келтірілген графикке сәйкес, Қазақстан Қаржы министрлігінің 10-15 жылдық мемлекеттік облигацияларының нарықтық кірістілігі шамамен 15,1 пайыз деңгейінде.

Ресми болжам мен халықаралық ұйымдар бағасы

Ұлттық банк сарапшыларының зерттеуіндегі ұзақ мерзімді есептер реттеушінің ресми болжамынан ерекшеленеді. Биыл 4 қыркүйектегі базалық мөлшерлеме жөніндегі шешіммен бірге жарияланған ресми болжамға сәйкес, Қазақстандағы инфляция осы жылдың қорытындысында 9-11 пайыз, ал 2027 жылы 6,5-8,5 пайыз аралығында болуы тиіс. 2028 жылы инфляция 5 пайызға жуық деңгейге оралады деп күтілген. Зерттеу авторлары өз есептерін Ұлттық банктің ресми болжамы ретінде қабылдамау керегін ескертеді. Олардың пікірінше, бұл – макроэкономикалық алғышарттарға тәуелді іргелі кірістілік деңгейін бағалауға арналған модель.

Айта кетейік, биыл қазанда Қазақстандағы жылдық инфляция 9,2 пайызды құрады. Қыркүйекте бұл көрсеткіш 9,3 пайыз болған. Қазан айында азық-түлікке жатпайтын тауарлар 10,4 пайызға, ақылы қызметтер 10,3 пайызға қымбаттаса, азық-түлік бағасы 7,6 пайызға өскен. Ал 2025 жылғы қазанда жылдық инфляция 12,6 пайыз болған еді. Инфляцияның баяулауына байланысты Ұлттық банк маусым айынан бері базалық мөлшерлемені төрт рет қатарынан төмендеткен. 23 қазандағы шешімнен кейін ол 15,75 пайызды құрады.

 

 

Back to top button