Жаңалықтар

Арман Қырықбаев Эстонияның Мәдениет министрі Хейди Пургамен кездесті

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Эстония Республикасының Мәдениет министрі Хейди Пургамен кездесті. Кездесуге Эстонияның Қазақстандағы Елшісі Марье Лууп та қатысты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Кездесу Хейди Пурганың Қазақстанға сапары аясында өтті. Ол елімізге Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Атқарушы комитетінің отырысына қатысу үшін келді. Тараптар мәдениет, кино, музей және кітапхана ісі бойынша екі елдің алдағы ынтымақтастығын талқылады.

Хейди Пурга қазақстандық кино мамандарының Эстониядағы кинофестивальдерге қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Кездесуде шығармашылық тәжірибе алмасу мен креативті индустрия саласындағы әріптестік те сөз болды.

Екі елдің салалық мекемелері арасында тікелей байланыс орнатуға айрықша назар аударылды. Жиын қорытындысында тараптар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және ортақ бастамаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button