Кәсіпкерлердің банк шоттарын бұғаттау тәртібі өзгерді
Қазақстанда әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі бар кәсіпкерлердің банк шоттарындағы қаражатты бұғаттау тәртібі өзгерді. Енді шоттағы барлық ақшаға шектеу қойылмайды. Бұғаттау берешек сомасы шегінде ғана жүзеге асырылады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қандай жағдайда шотқа шектеу қойылады
Бұл жөнінде Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Аудит департаменті берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Қайсар Арын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұрын әлеуметтік төлемдер бойынша тіпті 1 теңге берешек болса да, кәсіпкердің банк шотындағы барлық қаражаты бұғатталатын.
Талап өзгерді
Ал биылдан бастап бұл талап өзгерген. Енді мұндай шара әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі 6 АЕК-тен, яғни 25 950 теңгеден асқан және белгіленген мерзімде өтелмеген кәсіпкерлерге ғана қолданылады.
Айталық, кәсіпкердің әлеуметтік төлемдер бойынша 40 мың теңге қарызы болса, банк шотында тек осы сома бұғатталады. Қалған қаражатын кәсіпкер бұрынғыдай еркін пайдалана алады.