TOP-1

ЕАЭО кедендік кірісі азайды: Қазақстан 3,5 млрд теңгені бөліспейтінін мәлімдеді

2025 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің бюджетіне 14,4 млрд доллар көлемінде импорттық кеден бажы түскен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,9%-ға аз. Ал Қазақстанда, керісінше, төленген кеден бажының көлемі артқан. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ЕАЭО елдерінің кедендік кірісі қаншаға азайды?

Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстанның мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары 2025 жылы импорттық кеден бажының елдер арасында бөлінуі мен бюджетке аударылу тәртібін бірлесіп тексерді. Тексеру жұмыстарын Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы үйлестірді.

Палата мүшесі Ардақ Теңгебаевтың мәліметінше, 2025 жылы ЕАЭО елдерінің бюджетіне түскен импорттық кеден бажының жалпы көлемі 14,4 млрд долларды құраған. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 900 млн долларға немесе 5,9%-ға аз.

Соған қарамастан Қазақстан аумағында төленген импорттық кеден бажының көлемі 3,7 млн долларға өскен. Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов бірлескен тексерулер Еуразия кеңістігіндегі интеграцияның маңызды бөлігі екенін және одақ ресурстарын басқару тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Импорттық кеден бажына аудит жүргізу бағытындағы ынтымақтастығымызды одан әрі нығайту ЕАЭО-ның тұрақты дамуына және елдеріміздің экономикалық мүдделерін қорғауға ықпал ететініне сенімдімін», – деді Әлихан Смайылов.

Тексеру қорытындысы бойынша бес мемлекеттің де уәкілетті органдары 2025 жылы импорттық кеден бажын бөлу және бюджетке аудару тәртібін сақтаған. Қолданыстағы талаптардың бұзылу деректері анықталмаған.

Қазақстан неліктен 3,5 млрд теңгені ЕАЭО елдерімен бөліспеуі керек?

Бірлескен тексеру барысында қазақстандық жер қойнауын пайдаланушылар төлеген кеден бажына ерекше назар аударылды. Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы 3,5 млрд теңге көлеміндегі кеден бажы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бюджеттері арасында бөлінбеуге тиіс деп есептейді. Бұл 2010 жылғы 1 шілдеге дейін жасалған жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшарттарға қатысты.

Қазақстан тарапының осы мәселеге қатысты ұстанымы бірлескен тексерудің жиынтық есебіне енгізілді.

Тексеру қорытындысы ЕАЭО елдерінің парламенттеріне жолданады

Бес елдің мемлекеттік аудит органдарының өкілдері бірлескен тексерудің жиынтық есебін бекітті. Құжатта тексеру нәтижелерімен қатар мемлекеттер арасындағы қаржылық рәсімдерді жетілдіруге қатысты ұсыныстар қамтылған. Есеп ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үкіметтері мен парламенттерінің қарауына жолданады.

«Бірлескен тексерулердің арқасында өзара іс-қимылдың құнды тәжірибесі жинақталды. Бұл, сөзсіз, жұмысымыздың тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Бүгінгі бірлескен отырыстың қорытындысы бойынша берілген ұсынымдар мен ұсыныстар негізінде тиісті жұмыстар жүргізіліп, шешімін таппаған мәселелер оңтайлы шешіледі деп сенемін», – деді Әлихан Смайылов.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button