
Қазақстанда мұғалімдердің күнделікті жұмысын жеңілдетуге арналған сегіз жасанды интеллект агенті әзірленді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлеймненова “Ұлттық арнаға” берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Министрдің айтуынша, жаңа технология мұғалімдердің сабаққа дайындалуға жұмсайтын уақытын айтарлықтай қысқартуға бағытталған. Бұған дейін педагог қысқа мерзімді жоспарды әзірлеуге 1,5 сағатқа дейін уақыт жұмсаса, енді бұл жұмыстың бастапқы нұсқасын жасанды интеллект 1,5 минутта дайындап бере алады.
Алайда жасанды интеллект әзірлеген сабақ жоспарды мұғалім міндетті түрде өзі қарап, тексеруі тиіс. Өйткені технология дайындаған материалдың оқу бағдарламасына, сабақтың мақсатына және оқушылардың білім деңгейіне сәйкестігін бағалау педагогтің жауапкершілігінде қалады.
Сүлейменова білім беру жүйесіндегі басты тұлға мұғалім екенін атап өтті. Сөзінше, жасанды интеллект педагогтің орнын алмастыру үшін емес, күнделікті жұмысын жеңілдетіп, уақытын үнемдеу үшін енгізіліп жатыр. Жаңа платформаны мектептерге кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған. Атап айтқанда, 2027 жылы оны 800 мектепте, ал 2028 жылы 2600 мектепте қолдану көзделіп отыр.