TOP-2Жаңалықтар

«Кандидаттар барынша сақ болуы керек»: ОСК Владислав Сергеевке қатысты дауға пікір білдірді

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы Астана қаласы мәслихатының депутаттығына кандидат Владислав Сергеевтің атынан тараған даулы аудиожазбаға қатысты пікір білдірді. ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндік кандидаттарды барынша сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Орталық сайлау комиссиясы не дейді

Әлеуметтік желіде тараған аудиожазбада Владислав Сергеев делінген адам елорданың Оңтүстік-Шығыс ауданын «екінші Шымкент» деп атаған. Ләззат Сүйіндік Қазақстанда көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Оның айтуынша, бұл кандидаттардың өздеріне нұқсан келтіретін ақпараттан қорғануына мүмкіндік береді.

«Аудиожазбаның түпнұсқалығын және оны кім таратқанын құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Кандидат тиісті органдар шара қабылдауы үшін прокуратураға және аумақтық сайлау комиссиясына жүгінуге құқылы», – деді ОСК мүшесі.

Кандидаттарға қандай талап қойылады

Ләззат Сүйіндік Орталық сайлау комиссиясы өз тарапынан барлық кандидатқа тең мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Кандидаттар мұндай жағдайда барынша сақ болуы керек. Барлық сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары заңнама талаптарына сәйкес жүргізілуі тиіс. Бұл – басты қағида», – деді ол.

Владислав Сергеев не дейді

Еске салсақ, Астана қаласы мәслихатының депутаттығына кандидат, саясаттанушы Владислав Сергеевтің атынан тараған аудиожазба қоғамда дау туғызған еді. Жазбада елорданың Оңтүстік-Шығыс ауданының тұрғындарын кемсітетін сөздер айтылған, алайда Сергеев аудиожазбадағы дауыс өзінікі емес екенін мәлімдеп, полицияға арыз жазғанын айтты. Аудиожазбаның түпнұсқалығы әзірге расталған жоқ.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button