«Күлпәш» фильміне сұраныс күрт көбейіп, билетін алғандар саны 20 мыңнан асты

Ашаршылық жайлы «Күлпәш» фильміне сұраныс күрт көбейіп, билетін алғандар саны 20 мыңнан асып кетті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Кино.кз мәліметінше, дәл қазіргі сәтте “Күлпәш” фильміне билет алғандар саны 21 182 адамға жеткен. Соңғы 15 минутта фильмге билетті 517 адам сатып алған.

Әуелі осы фильм көрерменнің көп назарына ілінбеген. Алайда әлеуметтік желіде азаматтар Ашаршылық тақырыбының халық тарихында маңызы зор екенін айтып, бірін-бірі фильмге шақыра бастады. Әсіресе, Тредс желісінде осы фильмге қатты әсерленіп, көзіне жас алғандарын көп адам жазды.
Бұған дейін режиссер Ақан Сатаевтың Ашаршылық жылдарындағы қасіретті бейнелейтін «Күлпәш» фильмі кинотеатрларға шыққанымен, көрермендердің аздығы әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді. Кейбір қазақстандықтар фильмді залда жалғыз немесе екі адам ғана отырып тамашалағанын айтқан.
Бейімбет Майлиннің «Күлпәш» әңгімесінің желісі бойынша түсірілген тарихи драманың кинотеатрлардағы көрсетілімі бастапқы жоспардан шамамен бір аптаға кеш басталды. Фильм 11 қарашада прокатқа шығуы тиіс болған, алайда 10 қарашаға жоспарланған тұсаукесер кейінге шегерілді. Ақыры картина 18 қарашада көрерменге жол тартты. Режиссер Ақан Сатаев әлеуметтік желіде халыққа үндеу жасап, фильмді қолдауға шақырды.
«Күлпәш» – жазушы Бейімбет Майлиннің аттас шығармасы негізінде түсірілген тарихи драма. Туындыда қазақ даласындағы ашаршылық жылдарында өмір сүрген отбасының ауыр тағдыры, жоқшылық пен аштық жағдайында жақындарын аман алып қалуға тырысқан ананың күресі суреттеледі. Фильмде басты рөлдерді Гүлмира Хасанова, Еркебұлан Дайыров, Бәйкенже Белбаев және басқа да актерлер сомдаған.