«Осындай жүрегі бар адамдар аман болсын»: Астана тұрғыны автобус жүргізушісіне алғыс айтты
Астана тұрғыны Айнұр Абитаева балалар арбасымен қоғамдық көлікке міну кезінде көмектескен №78 автобус жүргізушісіне алғыс білдірді. Жүргізушінің адамгершілігіне тәнті болған жолаушы әлеуметтік желіде басынан өткен оқиғасын бөлісті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Балалар арбасымен автобусқа мінуге қорқып қалдым»
Айнұр Абитаеваның айтуынша, соңғы жаңалықтардан кейін ол балалар арбасымен қоғамдық көлікке мінуге қорқып, діттеген жері алыс болса да жаяу жүруге немесе таксимен қатынауға тырысқан, алайда жаңбыр жауған күні екі аялдама жерге автобуспен баруды ұйғарған. Автобус ішінде жолаушылардың көп екенін көрген әйел келесі көлікті күтпек болған, бірақ жүргізуші оны автобусқа мінуге шақырып, жолаушылардан балалар арбасына арналған орынды босатуды сұраған.
«Балалар арбасын өткізіңіздер, арбаға арналған орынды босатыңыздар», – деген жүргізуші.
Мұндай қарым-қатынасқа риза болған қала тұрғыны жүргізушіге әлеуметтік желі арқылы алғыс білдірді.
«Шынымды айтсам, сондай жағымды болды! Осындай адамгершілігі бар, жүректері бар адамдар аман болсыншы», – деп жазды Айнұр Абитаева.
Балалар арбасымен автобусқа мінуге тыйым салынған ба
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда балалар арбасымен қоғамдық көлікке кіруге тыйым салынғаны туралы ақпарат тараған еді. Көлік министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп, автобуспен қатынайтын ата-аналарға қатысты жаңа талаптардың мәнін түсіндірген болатын.