Жаңалықтар

Қазақстанда балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға қандай мүмкіндік бар

2019 жылы Junior Eurovision халықаралық ән байқауында екінші орын алған Ержан Максимнің өнер жолындағы алғашқы қадамы отбасы үшін оңайға соқпаған. Баласын түрлі байқауға қатыстыру үшін ата-ана несие алған. Бұл туралы әнші Tizgin.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты. Соңғы жылдары Қазақстанда балалардың өнермен тегін айналысуына мүмкіндік беретін үйірмелер көбейіп келеді. Баланың қабілетін кәсіби деңгейге жеткізу үшін бұл жеткілікті ме? Баласының жұлдызын жағу үшін ата-ана не істеу керек?

Ержан Максим 12 жасында халықаралық сахнада Қазақстан атынан өнер көрсетіп, әлемдік аудиторияға танылды.

Фотода Ержан Максим

«Басында, әрине, біраз қиналдық. Ата-анам байқауларға қатысып, шыңдалуым үшін біраз несие алды. Қазір басымызда бірде-бір несие жоқ. Ата-анамның маған артқан сенімін, үмітін ақтадым деп ойлаймын», – дейді ол.

Өнерге ден қойған балалардың күн тәртібі құрдастарынан өзгеше болуы мүмкін. Оларға еңсеретін психологиялық қысым да жоғары.

«Анам психолог болып жұмыс істеген. Сондықтан менде ешқандай мәселе болған жоқ. Өзіме айтылған жағымсыз пікірлерді мүлдем оқымайтын едім. Оқысам да, жүрегіме жақын қабылдамайтынмын», – деп еске алды әнші.

Ержан шығармашылықпен айналысамын деп балалық шақтың қызығынан құр қалдым деп те ойламайды. Оның айтуынша, ата-анасы өнердегі жетістіктерімен қатар демалысына да көңіл бөліген.

Бүгін Ержан Максимнің алдында тұрған міндет – көрерменге өзін жаңа қырынан таныту. Жылдар өтсе де, көпшіліктің есінде кішкентай әнші ретінде қалған Ержан қазір осы түсінікті өзгертуге тырысып жүр.

«Бәрі мені әлі күнге дейін мені бала деп қабылдайды. Осы образдан шығып, халыққа өзімді басқаша танытуға тырысып жүрмін», – дейді әнші.

Қазақстанда жас таланттарға қандай мүмкіндік бар

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, былтыр 3,5 миллион бала үйірмеге қатысқан. Бұл елдегі мектеп оқушыларының шамамен 90 пайызына тең. Олардың 2,2 миллионы үйірмелерге тегін қатысты.

Бүгін елде 2896 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. 2 жылда олардың саны 1183-ке артқан. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, балалар арасында сәндік-қолданбалы және көркемдік-эстетикалық бағыттағы үйірмелерге сұраныс жоғары. 2023 жылдан бастап Damu Bala электронды платформасы арқылы 4-17 жас аралығындағы балаларды үйірмеге тегін тіркеуге болады. Сабақ ақысын мемлекет әр балаға шақтап, тікелей үйірмені ұйымдастырушы мекемеге төлейді. Ата-аналар тұрғылықты жері бойынша қолжетімді үйірмелерді таңдап, электронды өтініш береді. Бос орын болған жағдайда балаға кезек тәртібімен ваучер беріледі.

Тегін үйірмеге қатысқысы келетін балалардың бәріне бірдей орын табыла бермейді. Ваучер саны жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражатқа байланысты. Мәселен Damu Bala ашылған 2023 жылы Шымкентте үш мың бос орын бірнеше минутта толып қалған. Елде баланың шығармашылықпен айналысуына тегін үйірмелерден бастап мамандандырылған өнер мектептеріне дейін мүмкіндік бар. Дегенмен Ержан Максимнің жолынан байқағанымыздай, баланың шыңдалуына отбасының қаржылық және психологиялық қолдауының да ықпалы зор.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button