Без рубрики

Алматы әкімі жанындағы Жастар кеңесі жұмысын бастады

Алматыда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай қала әкімінің жанындағы Жастар кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жиында жұмыстың басым бағыттары, жастар бастамаларын қолдау және жас алматылықтардың қалалық мәселелерді шешуге қатысуы талқыланды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Кездесуге Кеңес мүшелері мен сарапшылар, сондай-ақ Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Мирас Нысанәлиев қатысты.

Алматы әкімдігі

Кеңестің басты міндеті – жастар мен қала билігі арасында тікелей байланыс орнату. Бұл жас буын өкілдерінің ұсынысын қалалық бастамаларды әзірлеу және жүзеге асыру кезінде ескеруге мүмкіндік береді.

«Алматы әкімі Дархан Сатыбалды үшін қалалық шешімдер қабылдау кезінде жастардың пікірі ескерілуі маңызды. Кеңестің міндеті – түрлі салада жүрген жас алматылықтармен тікелей байланыс орнатып, оларды толғандыратын мәселелерді қалалық деңгейде талқылауға шығару. Осы талқылаулардың қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар әзірлеп, оларды жүзеге асыру жолдарын тиісті басқармалармен бірлесіп қарастыруымыз керек», – деді Мирас Нысанәлиев.

Отырыс барысында жас ұрпақтың қала дамуына қосар үлесі мен ел болашағындағы рөлі де қозғалды.

Алматы әкімдігі

Кеңес мүшесі Мейіржан Келемеденов жастар алдында тұрған мәселелерді шешуде нақты іске бағытталған тәсілдің маңызына тоқталды.

«Біз осы мәселелерді Кеңес аясында талқылап, жастармен бірге шешу жолдарын іздегіміз келеді. Ұсыныс әзірлеген кезде оның кімге пайдасы тиетінін және Алматыда оны қалай жүзеге асыруға болатынын түсіну маңызды», – деді ол.

Алдағы уақытта Кеңес мүшелері сарапшылармен және тиісті басқармалармен бірлесіп, жас алматылықтардың бастамасы негізінде нақты ұсыныстар әзірлейді.

Алматы әкімдігі
Back to top button