ЖаңалықтарТергеу

Павлодар облысындағы алты жұмысшының өлімі: Жұмыс беруші толық кінәлі деп танылды

Тексеру барысында жұмысшылардың бірі кәріз құдығында күкіртсутегінен уланғаны анықталды.

Павлодар облысындағы «Aqtogai Milk» ЖШС-де алты жұмысшының қаза болуына әкеп соққан топтық жазатайым оқиғаға жүргізілген арнайы тексеру аяқталды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

6 жұмысшы көмірсутегінің әсерінен қаза тапты

Тексеру барысында жұмысшылардың бірі кәріз құдығында күкіртсутегінен уланғаны анықталды. Оған көмек көрсетуге ұмтылған басқа жұмысшылар да құдыққа кезекпен түскен. Салдарынан бір-бірін құтқаруға тырысқан алты жұмысшы күкіртсутегінің әсерінен қаза тапты.

Комиссия жұмысшылардың қауіптілігі жоғары жұмыстарды қауіпсіз орындау бойынша тиісті оқудан өтпегенін және қажетті жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілмегенін анықтады.

Қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілмеген

Сонымен қатар, кәріз құдығындағы жұмыстарды ұйымдастыру кезінде, оның ішінде авариялық жағдай туындаған және құтқару жұмыстары жүргізілген кезде қауіпсіздіктің қажетті деңгейі қамтамасыз етілмеген.

Үкіметтік комиссияның жұмысы қорытындысы бойынша жұмыс беруші – «Aqtogai Milk» ЖШС-нің кінә дәрежесі 100 пайыз деп белгіленді.

Арнайы тексеру нәтижесінде жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайлары айқындалып, жауапты лауазымды тұлғалар белгіленді. Сондай-ақ, анықталған бұзушылықтарды жою және алдағы уақытта осындай жағдайларға жол бермеу жөнінде ұсынымдар әзірленді.

Еңбек министрлігі ескерту жасады

Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Павлодар облысының және басқа да өңірлердің жұмыс берушілерін қауіптілігі жоғары жұмыстарды, оның ішінде құдықтарда, резервуарларда және басқа да жабық кеңістіктерде жүргізілетін жұмыстарды қауіпсіз ұйымдастыруға ерекше назар аударуға шақырады.

Жұмысшыларды қажетті жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге, оларды жұмысты қауіпсіз орындау әдістеріне тиісті деңгейде оқытуға, сондай-ақ авариялық жағдай туындаған кездегі іс-қимылдарға және құтқару жұмыстарын жүргізуге дайындауға ерекше көңіл бөлу қажет.

Қауіптілігі жоғары жұмыстарды орындау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау – жұмыс берушінің тікелей міндеті әрі жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың негізгі шарттарының бірі.

Оқиға желісі

Еске салсақ, Павлодар облысының Жоламан ауылында сүт фермасының аумағындағы кәріз құдығында жұмыс жүргізу кезінде алты адам қаза тапқан болатын.

Марқұмдардың қатарында 1983 жылы туған Е. С. Яроцкий, 1963 жылы туған Ж. Ж. Қайдаров, 1998 жылы туған Рахат Расул болған. Сондай-ақ, қаза тапқандардың үшеуі бір отбасының мүшелері екені белгілі болды. Олар: 1975 жылы туған Бауыржан Мұхаммед және оның 2006 жылы туған ұлы Дархан Мұхаммед пен 2009 жылы туған ұлы Дәулет Мұхаммед.

Қайғылы оқиға «Aqtogai Milk» ЖШС-да болған. Жұмысшылар кәріз құдығына орнатылған электр сорғысының ақауын жөндеп жатқан.

«Aqtogai Milk» ЖШС Павлодар облысындағы ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорны «Ақтоғай-Агро» компаниясына тиесілі.

Сондай-ақ, «Стальмонтаж», «Ақтоғай-Агро» және Aqtogai Milk компанияларының бас директоры, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Александр Терентьев қамауға алынғаны туралы хабарладық. Бұл туралы Жергілікті журналист Болат Аманбаев әлеуеттік желі парақшасына жазды

Back to top button