ҚР СІМ Словакияда қазақ студенттері ұсталғанын растады
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Словакияда қазақ студенттері ұсталғанын растады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“ҚР СІМ-ге Словак Республикасында Қазақстанның төрт азаматының ұсталғаны белгілі. Азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде, олардың туыстарымен байланыс орнатылды. Бұл жағдай ҚР СІМ-нің бақылауында” – делінген ҚР СІМ Tizgin.kz порталына берген жауабында.
Оқиға жайлы
Словакияның Тренчин қаласында Қазақстаннан барған үш студент ауыр қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталғанын бұған дейін жазған едік. Олар полиция қызметкерлерінің кейпіне еніп, жергілікті тұрғыннан ақша талап еткен, оған қоса тіпті оны күшпен алып кеткен деген күдікке ілінген. Егер кінәсі дәлелденсе, олар 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Словакия басылымның 19 қарашада жариялаған мәліметінше, Тренчин қаласында полиция жергілікті университеттің төрт студентін ұстаған. Олардың үшеуі Қазақстаннан келген. Күдіктілердің жасы 18 бен 21 аралығында. Тергеу нұсқасы бойынша, бес жас жігіт өздеріне қарыз деген ер адамнан ақша өндіріп алмақ болған. Осы мақсатта олар бетперде киіп, полицияның арнайы жасағына ұқсас қара түсті киіммен ер адамның әжесі тұратын пәтерге барған. Киімдерінде Словакияның ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес құрылымының NAKA деген жазуы болған.