Албания Қазақстан азаматтары үшін визасыз режимді тоқтатпақ
Албания билігі Қазақстан азаматтары үшін визасыз режимді тоқтату туралы шешім қабылдады. Елдің Министрлер кеңесі екі мемлекет арасындағы визалық талаптардан өзара босату жөніндегі келісімнің күшін жоюды мақұлдады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, тиісті қаулы 12 қарашада қабылданып, 16 қарашада жарияланған.
Визасыз режим қашан тоқтайды
Екі ел арасындағы келісімнің 11-бабына сәйкес, тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші тарапқа жазбаша хабарлама жібергеннен кейін келісім 60 күнтізбелік күн өткен соң күшін жояды. Бұл мерзім қаулы қабылданған күннен емес, Қазақстанның ресми хабарламаны алған сәтінен бастап есептеледі.
«В Албании – жить!» Telegram арнасының хабарлауынша, Қазақстанның тиісті хабарламаны нақты қашан алғаны әзірге белгісіз. Егер құжат 16 қарашада келіп түскен болса, визасыз режим шамамен 2027 жылғы 15 қаңтарда тоқтайды. Хабарлама кейінірек алынған жағдайда бұл мерзім де өзгереді.
Қазақстандықтар не дейді
Албанияның шешімі әлеуметтік желілерде талқыланып жатыр. Threads қолданушыларының бірі жазда Албанияға чартерлік рейстер ашылады деп үміттенгенін айтса, енді бірі елге визасыз барып үлгергеніне қуанышты екенін жеткізген.
Желіде бұл шешімнің себебіне қатысты да түрлі пікір айтылды. Кейбір қолданушылар оны қазақстандықтардың беделімен байланыстырса, өзгелері Албанияның Еуропалық одаққа кіруге дайындық аясында визалық саясатын ЕО талаптарына сәйкестендіруімен түсіндірді.
Айта кетейік, Албания Еуропалық одаққа мүше болуға ұмтылып отыр. Елдің одаққа қосылуының бағдарлы мерзімі ретінде 2030 жыл аталады.