TOP-1Жаңалықтар

Жолаушылардан заңсыз алым алған FlyArystan сотта ұтылды

FlyArystan әуе компаниясы жолаушылар құқығымен байланысты істе Сауда және интеграция министрлігімен соттасып, жеңіліп қалды. Сот әуе компаниясында анықталған заңсыздықтарды жою жөнінде берілген нұсқаманы заңды әрі негізді деп таныды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Сот нені анықтады

Әуе компаниясын тексеруге жолаушылардың бірінен түскен шағым себеп болған. Осыған байланысты Алматы қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тиісті комитетпен және Астана қаласының аумақтық департаментімен бірлесіп, жоспардан тыс тексеру жүргізген.

Тексеру барысында FlyArystan компаниясының ішкі ережелерінде жолаушылардың заңмен қорғалатын құқығын шектейтін бірқатар талап бары анықталған. Атап айтқанда, әуе компаниясының тасымалдау шарттарын біржақты өзгертуіне, өз жауапкершілігін шектеуіне және жолаушылардан кейбір алымдарды заңсыз өндіріп алуына қатысты заңсыз әрекеттер тіркелген.

Бұдан бөлек, жолаушылардың билетке төлеген ақшасын қайтарып алу құқығын шектейтін талаптар, клиенттерге қажетті ақпаратты жеткізудегі кемшіліктер және жазбаша шағым беру мүмкіндіктеріне қойылған шектеулер анықталған. Тексеру қорытындысында уәкілетті орган FlyArystan компаниясына анықталған заңбұзушылықтарды жоюды және жолаушыларды тасымалдаудың ішкі ережелерін Қазақстан заңнамасына сәйкестендіруді міндеттейтін нұсқама берген.

Сот қандай шешім қабылдады

FlyArystan тексеру қорытындысымен келіспей, тексерудің заңдылығына және берілген нұсқамаға сот арқылы шағым түсірген. Әуе компаниясы нұсқаманың күшін жоюды талап еткен. Алайда 2026 жылы 21 шілдеде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты компанияның талабын қанағаттандырудан бас тартқан. Кейін іс апелляциялық сатыда қаралып, бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Осылайша, сот тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарының әуе тасымалы саласында тексеру жүргізуге заңды құқығы бар екенін растады. Сондай-ақ FlyArystan компаниясына анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде берілген нұсқаманың заңды әрі негізді екенін мойындады. Бұл шешім әуе компаниясының ішкі ережелері Қазақстан заңнамасына қайшы келмеуге және жолаушылардың заңмен белгіленген құқықтарын шектемеуге тиіс екенін көрсетеді.

Back to top button