TOP-2Жаңалықтар

Әзербайжанда жас жігіт желідегі фотолар үшін туған әпкесін өлтірді деген күдікке ілінді

Әзербайжан астанасы Бакуде 23 жастағы суретші Гүляра Мехтиева қайғылы жағдайда мерт болды. Бойжеткеннің өліміне оның 18 жастағы туған інісі Айхан Мехдиев күдікті деп танылып, ұсталды. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, қанды оқиғаға әлеуметтік желіде жарияланған суреттер мен олардың астына жазылған пікірлерге байланысты туындаған отбасылық жанжал себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жанжал неден шықты

Қайғылы оқиға 16 қарашада Баку қаласында болған. Әзербайжан басылымдарының хабарлауынша, 18 жастағы Айхан Мехдиев пен оның 23 жастағы әпкесі Гүляра Мехтиева арасында жанжал шыққан. Алдын ала мәлімет бойынша, жігіт әпкесінің әлеуметтік желілерге жариялаған суреттеріне және олардың астына жазылған пікірлерге наразылық білдірген. Осы мәселеге байланысты басталған сөз таласы ақыры қайғылы оқиғамен аяқталды.

Жергілікті ақпарат құралдары жанжал кезінде жігіттің әпкесіне бірнеше рет пышақ сұққанын жазды. Ауыр жарақат алған бойжеткен шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер қанша күш салса да, оны аман алып қала алмаған.

Гүляра Мехтиева небәрі 23 жаста еді. Ол суретші болған. Өліміне қатысты тараған ақпаратта қайғылы оқиғаның туындауына оның әлеуметтік желідегі белсенділігі әсер еткені айтылғанымен, бұл болжам әзірге ресми түрде расталған жоқ. Қылмыстың нақты себебі тергеу барысында анықталуға тиіс.

Күдікті өз кінәсін мойындағаны хабарланды

Оқиғадан кейін құқық қорғау органдары марқұмның 18 жастағы інісі Айхан Мехдиевті ұстады. Әзербайжан бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, күдікті тергеу барысында қылмысын мойындаған.

Жергілікті басылымдар ағайынды екеуінің отбасына қатысты кейбір мәліметтерді де жариялады. Атап айтқанда, Гүляра мен Айханның әкесі бір болғанымен, аналары бөлек екені айтылды. Соған қарамастан, олар бала кезінен бір отбасында бірге тәрбиеленіп, өскен. Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Жанжалдың неден басталып, оның қандай жағдайда өршігені, қылмысқа не түрткі болғаны тергеу барысында нақтылануы қажет.

Back to top button