Жаңалықтар

Риелторлар екі тараптан қатар комиссия алмауы керек – блогер

Қазақстандық блогер Алмат Әбдіраман Алматыдан пәтер іздеу кезінде риелторлардың 500 мың теңге комиссия талап еткенін айтып, жылжымайтын мүлік нарығындағы делдалдардың қызметіне қатысты мәселе көтерді. Ол риелторлардың еңбекақысы көрсетілген қызметтің сапасы мен көлеміне сай болуы керектігін мәлімдеді. Сондай-ақ бұл салаға бірыңғай талап енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Есікті ашып көрсеткені үшін 500 мың теңге сұрайды»

Алмат Әбдіраман әлеуметтік желідегі жазбасында Алматыдан қайынәпкесіне пәтер іздеген кезде кездескен жағдайды баяндады. Оның айтуынша, кейбір риелторлар пәтерді көрсетудің өзіне қомақты комиссия талап еткен.

«Бір бөлмелі пәтердің есігін ашып көрсетемін. 500 мың теңге комиссия төлейсіз. Өткенде Алматыдан қайынәпкеме пәтер іздегенде, сондай риелторларға тап болдық. Сонда қай қызметке атасының құнын сұрайды?» – деп жазды блогер.

Ол мұндай шарттарға келіспей, баспананы өздері іздегенін жеткізді. Нәтижесінде ұзақ уақыт қаланы аралап, қажетті пәтерді иесінен тікелей сатып алған. Блогердің пікірінше, мәселе риелторлардың ақы алуында емес, сол қаражаттың қандай қызмет үшін төленетініне байланысты.

«Риелтордың еңбегі бағалануы керек. Бірақ, сол ақы қай жұмысына төленіп отыр? Бірнеше хабарландыру жіберіп, пәтердің есігін ашып көрсеткені үшін бе әлде мәміленің басынан аяғына дейін кәсіби қызмет көрсеткеніне ме? Міне, мәселе осында», – дейді ол.

Блогер АҚШ-тағы тәжірибесін мысалға келтірді

Алмат Әбдіраман бұрын АҚШ-тың Виржиния штатында тұрған кезінде пәтер жалдау үшін риелтор көмегіне жүгінгенін айтты. Оның сөзінше, маман лайықты баспананы көрсетіп қана қоймай, құжаттарды рәсімдеуге, келіссөз жүргізуге және жалдау шартын жасауға көмектескен, алайда блогер риелторға бөлек комиссия төлемеген.

Ол Виржиния штатында риелтордың кімнің мүддесін қорғайтыны және қызмет ақысын кім төлейтіні алдын ала келісімшартта көрсетілетінін атап өтті. Мәселен, риелторды үй иесі жалдаса, маман сол тараптың мүддесін қорғайды. Ал сатып алушы немесе жалға алушы жеке агент қызметіне жүгінсе, ақы төлеу тәртібі бөлек келісім арқылы анықталады. Блогер АҚШ-тағы бұл тәжірибенің тек Виржиния штатына қатысты екенін және оны бүкіл елге ортақ ереже ретінде қарастыруға болмайтынын ескертті.

Риелторлар екі тараптан бірдей комиссия алуы керек пе

Алмат Әбдіраманның пікірінше, Қазақстанда риелторлардың сатушыдан да, сатып алушыдан да қатар комиссия алу мәселесі нақты реттелуі қажет. Ол мұндай жағдайда делдалдың кімнің мүддесін қорғайтыны түсініксіз болып қалуы мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ блогер риелтор көрсететін қызметтің көлеміне назар аударды.

Оның сөзінше, бір маман бірнеше пәтердің мекенжайын ұсынып, үйді көрсетумен шектелуі мүмкін. Ал екіншісі апталап баспана іздеп, келіссөз жүргізіп, құжаттарды тексеруге көмектесіп, мәміленің қауіпсіз рәсімделуіне атсалысады, сондықтан екі маманның еңбегін бірдей бағалау қисынсыз деп есептейді.

«Ендеше комиссия да көрсетілген қызметтің көлемі мен сапасына қарай белгіленуге тиіс. Алдын ала келісілмеген төлемді кейіннен талап етуге де жол берілмеуі шарт», – деп жазды блогер.

Қазақстанда риелторлардың жұмысына жаңа талаптар енгізілуі мүмкін

Айта кетейік, 16 қарашада Сауда және интеграция министрлігі Қазақстанда риелторлық қызмет көрсетудің бірыңғай қағидаларын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ведомство депутаттармен және кәсіби қауымдастық өкілдерімен бірлесіп, делдалдардың қызметін реттеуге бағытталған ұсыныстарды қарастыруда.

Атап айтқанда, риелтор мен клиент арасындағы келісімшартта көрсетілетін қызметтердің тізімі, комиссия мөлшері, төлеу тәртібі және тараптардың міндеттері нақты жазылуы тиіс, сонымен қатар риелтор қызметіне тапсырыс бермеген азаматтардан комиссия талап етуге жол бермеу ұсынылып отыр. Министрлік мамандардың кәсіби біліктілігіне талап енгізуді, кәсіби стандарт әзірлеуді және тұтынушылардың шағымдарын қарау тетіктерін жетілдіруді де қарастырып жатыр.

Қазіргі уақытта Қазақстанда риелторлық қызметке арналған СТ РК 3702–2020 ұлттық стандарты бар. Онда қызмет сапасына және тараптардың өзара қарым-қатынасына қатысты талаптар қарастырылған. Алайда стандартты қолдану жалпы жағдайда ерікті сипатта.

Блогер риелторлардың бірыңғай тізілімін құруды ұсынды

Алмат Әбдіраман саланы реттеу үшін бірнеше ұсыныс айтты. Оның пікірінше, ең алдымен риелторлардың бірыңғай мемлекеттік тізілімін қалыптастыру қажет. Бұл азаматтарға маманның кәсіби біліктілігін және қызметі туралы ақпаратты тексеруге мүмкіндік берер еді. Сондай-ақ ол қызмет көрсетуге арналған бірыңғай келісімшарт үлгісін енгізуді ұсынды. Құжатта риелтордың кімнің мүддесін қорғайтыны, қандай жұмыс атқаратыны, комиссия мөлшері мен тараптардың жауапкершілігі нақты көрсетілуге тиіс.

Блогер мамандарға кәсіби оқу мен емтихан талаптарын енгізуді және шағымдарды қарайтын тәуелсіз тетік құруды да қолдайды. Оның ойынша, комиссияның нақты мөлшерін мемлекет белгілеп беруі міндетті емес. Алайда қызмет құны мен делдалдың жауапкершілігі алдын ала түсінікті болуы қажет.

«Қазір риелторлар комиссияға келгенде, қанша алу керегін жақсы біледі. Енді сол комиссияның есебінен қандай жауапкершілік арқалайтынын да білетін уақыт келді», – деп түйіндеді Алмат Әбдіраман.

Әзірге риелторлық қызметті реттеуге қатысты жаңа талаптар талқылану сатысында. Олардың қашан және қандай нұсқада қабылданатыны нақты белгіленбеген.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button