ІІМ қылмыс құрбандарына төленетін өтемақы екі есе ұлғайту бастамасын қолдады
Қазақстанда қылмыстық құқық бұзушылықтардан зардап шеккен азаматтарға төленетін өтемақы мөлшерін екі есеге арттыру ұсынылды. Ішкі істер министрлігі бұл бастаманы қолдап отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Өтемақы мөлшері екі есеге өсуі мүмкін
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов депутаттық сауалға берген жауабында жәбірленушілерге төленетін өтемақы мөлшерін ұлғайту қажеттігін мәлімдеді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Жәбірленушілерге өтемақы қорынан берілетін төлем мөлшері азаматтардың санатына қарай 30, 40 және 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде белгіленген. Министрлік бұл мөлшерді тиісінше 60, 80 және 100 АЕК-ке дейін арттыруды орынды деп санайды.
Ержан Сәденовтің айтуынша, мұндай өзгеріске дәрі-дәрмек, медициналық қызмет, емдеу, оңалту және жерлеу шығындарының қымбаттауы негіз болып отыр.
«Жалпы, жәбірленушілерге төленетін өтемақы мөлшерін ұлғайту туралы ұсыныс қолдау тапты. «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» ҚРЗ (бұдан әрі – Қор) 7-бабына сәйкес өтемақы мөлшері жәбірленушілер санатына қарай 30, 40 және 50 АЕК шегінде белгіленген. АЕК мөлшерінің жыл сайын өзгеріп отырғанына қарамастан, тиісті нормалар қолданысқа енгізілген кезден бастап Қор көздеген өтемақы мөлшері еселенген түрде (30, 40 және 50 АЕК) қайта қаралмаған. Дәрілік заттар, медициналық қызметтер, емдеу, оңалту және жерлеу қызметтері құнының өсуін ескере отырып, төлем мөлшерін екі есеге: 30-дан 60-қа, 40-тан 80-ге және 50-ден 100 АЕК-ке дейін ұлғайту орынды деп саналады. Аталған ұлғайту жәбірленушілерге көрсетілетін материалдық қолдауды күшейтуге және қылмыстық құқық бұзушылықтар салдарынан туындайтын нақты шығындарды барынша ескеруге мүмкіндік береді», – делінген министрдің депутаттарға берген жауабында.
Өтемақы төлеу тәртібі де өзгеруі мүмкін
Министрлік жәбірленушілерге өтемақы тағайындау және төлеу рәсімдерін цифрландыруды да қолдайды. Ведомствоның мәліметінше, төлемдердің кешігуіне қажетті ақпараттың уақытында немесе толық ұсынылмауы, банктік деректемелердегі қателер және азаматтардың жеке мәліметтеріндегі сәйкессіздіктер себеп болып отыр. Соның салдарынан қаражат кері қайтарылып, төлем мерзімі ұзарады.
Осы мәселені шешу үшін ІІМ өтемақы алушылардың тізілімін автоматты түрде қалыптастыруды, сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміндегі мәліметтерді пайдалануды және жәбірленушілерге өтемақы алу құқығы туралы SMS-хабарлама жіберуді ұсынған. Министрлік бұл бастамаларды 2024 жылдың желтоқсанында көтерген.
Қазіргі уақытта өтемақы төлеу тәртібін жетілдіру және тиісті рәсімдерді цифрландыру мәселелері пысықталып жатыр. Алайда өтемақы мөлшерін екі есеге арттыру туралы түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Ұсыныс іске асқан жағдайда жәбірленушілерге берілетін материалдық көмектің көлемі едәуір ұлғаяды.