TOP-1Тергеу

Словакияда Қазақстанның үш студенті ауыр қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды – БАҚ

Словакияның Тренчин қаласында Қазақстаннан барған үш студент ауыр қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталды. Олар полиция қызметкерлерінің кейпіне еніп, жергілікті тұрғыннан ақша талап еткен, оған қоса тіпті оны күшпен алып кеткен деген күдікке ілінген. Егер кінәсі дәлелденсе, олар 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz словактың TN Live ақпараттық порталына сілтеме жасап.

Полицияның кейпіне еніп, тұрғынды соққыға жыққан

Словакия басылымның 19 қарашада жариялаған мәліметінше, Тренчин қаласында полиция жергілікті университеттің төрт студентін ұстаған. Олардың үшеуі Қазақстаннан келген. Күдіктілердің жасы 18 бен 21 аралығында. Тергеу нұсқасы бойынша, бес жас жігіт өздеріне қарыз деген ер адамнан ақша өндіріп алмақ болған. Осы мақсатта олар бетперде киіп, полицияның арнайы жасағына ұқсас қара түсті киіммен ер адамның әжесі тұратын пәтерге барған. Киімдерінде Словакияның ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес құрылымының NAKA деген жазуы болған.

Жәбірленушінің әжесінің айтуынша, белгісіз адамдар үйіне баса-көктеп кіріп, немересін іздеген. Олар пәтерді тінтіп, үйдің жертөлесін де тексерген. Алайда іздеген адамын бірден таба алмаған. Кейін қайта келіп, ер адамды тауып, оны соққыға жыққан және күштеп алып кеткен деген күдік бар. Оқиғадан шошынған әйел полицияға шағымданбақ болғанда, үйіне келгендердің шын мәнінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері емес екені анықталған.

«Бұл өте қорқынышты жағдай болды. Әлі күнге дейін өз-өзіме келе алмай жүрмін. Ұлым науқас, ол да бізді өлтіріп кетуі мүмкін деп қорқады», – дейді жәбірленушінің әжесі TN Live тілшісіне.

Осы оқиғадан кейін полиция күдікті бес адамның төртеуін ұстаған. Тағы бір күдікті қашып үлгерген. Ұсталғандардың барлығы Тренчиндегі Александр Дубчек атындағы университетте білім алады.

Қазақстан студенттерге 15 жылға дейін сотталуы мүмкін

Басылымның мәліметінше, ұсталған студенттерге адамды бопсалау мақсатында ұрлау сияқты аса ауыр қылмыс бойынша айып тағылған. Қазақстаннан барған студенттердің бірінің адвокаты Мартин Бурай тергеудің айыптау нұсқасымен келіспейтінін мәлімдеді. Оның пікірінше, іс материалдарында көрсетілген оқиға мән-жайлары шындық деуге келмейді.

«Менің қорғауымдағы азаматқа адамдар тобымен бірлесіп, бопсалау мақсатында адам ұрлау бойынша айып тағылды. Бұл айыптаудың едәуір бөлігі негізсіз деп есептеймін. Істі қарау барысында оқиғаның тергеу қаулысында көрсетілгендей болмағанын дәлелдейтін мән-жайлар анықталып жатыр», – деді адвокат.

Оқиғаға байланысты Александр Дубчек атындағы Тренчин университетінің ректоры Йозеф Хабаник те түсініктеме берді. Оның айтуынша, университет басшылығына құқық қорғау органдарынан ресми хабарлама түспеген. Егер студенттердің қылмысқа қатысы расталса, оқу орнының тәртіптік ережелеріне сәйкес, оларды университеттен шығару мәселесі қаралады. Адвокаттың мәліметінше, тергеу тарапы күдіктілерді қамауда ұстау туралы өтініш берген. Сот олардың бұлтартпау шарасын 20 қарашада қарауға тиіс болған. TN Live мәліметі бойынша, айып тағылған жас жігіттерге 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр. Алайда соттың бұлтартпау шарасына қатысты түпкілікті шешімі туралы ақпарат әзірге нақтыланбады.

Айта кетейік, словак басылымдары ұсталғандардың үшеуін Қазақстаннан келген студенттер ретінде көрсеткен. Алайда олардың азаматтығы жөнінде Қазақстанның ресми органдарынан әзірге мәлімет жарияланған жоқ. Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Күдіктілердің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденген жоқ.

Tizgin.kz осы іске байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне хабарласып, ақпарат сұратып жатыр.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от tnlive.sk (@tnlive.sk)

АЯН ӨРІБАЙ

Аян Өрібай – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының бас редакторы, Tizgin ЖШС директоры. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын ШҚО Ақпараттық орталығында маман болып бастап, Өскемендегі облыстық «Менің Өлкем» жекеменшік газетінде тілші қызметін атқарған. Кейін Астанадағы «ҚазАқпарат» ХАА-да тілші, Ulysmedia.kz порталында арнайы тілші болып еңбек еткен. «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері.
Back to top button