Режиссер Ақан Сатаевтың қазақ халқының ашаршылық жылдарындағы қасіретін бейнелейтін «Күлпәш» фильмі кинотеатрларға шыққанымен, көрермендердің аздығы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Кейбір қазақстандықтар фильмді залда жалғыз немесе екі адам ғана отырып тамашалағанын айтса, режиссердің өзі халықты туындыға қолдау көрсетуге шақырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ақан Сатаев көрермендерге үндеу жасады
Бейімбет Майлиннің «Күлпәш» әңгімесінің желісі бойынша түсірілген тарихи драманың кинотеатрлардағы көрсетілімі бастапқы жоспардан шамамен бір аптаға кеш басталды. Фильм 11 қарашада прокатқа шығуы тиіс болған, алайда 10 қарашаға жоспарланған тұсаукесер кейінге шегерілді. Ақыры картина 18 қарашада көрерменге жол тартты. Режиссер Ақан Сатаев әлеуметтік желіде халыққа үндеу жасап, фильмді қолдауға шақырды.
«Құрметті достар, қадірлі көрермендер! Бүгіннен бастап біздің «Күлпәш» фильміміз кинотеатрларда көрсетіле бастады. Өкінішке қарай, бір апта кешігіп шықты. Әзірге сеанстар саны аздау. Сондықтан сіздерді кинотеатрға барып, фильмімізді тамашалауға шақырамын. Фильмімізді көріп, жақындарыңызға ұсынсаңыздар, біз үшін үлкен қолдау болар еді», – деді режиссер.
«Бір залда енем екеуіміз ғана отырдық»
Фильмнің көрсетілімі басталғаннан кейін әлеуметтік желілерде кинотеатрлардағы көрермен санына қатысты жазбалар пайда болды. Тележүргізуші Диана Скатова туындыны көруге барған кезде залда енесі екеуі ғана отырғанын айтып, өкініш білдірді.
«Қазақтың «Күлпәшіне» көрермен табылмағаны өкінішті. Бір залда енем екеуіміз ғана отырдық. Нағыз драма… Осындай туындылардың өз бағасын ала алмай жатқаны қынжылтады», – деп жазды ол.
Тележүргізуші билет сатылымы төмен болса, кинотеатрлар фильмді көрсетілімнен ерте алып тастауы мүмкін деп алаңдаушылық білдірді.
«Ертең билет сатылмады деп кинотеатрлар көрсетілімнен алып тастауы мүмкін. Онсыз да сеанстар аз. Барып үлгеріңіздерші! Мұндай киноны біз қолдамасақ, басқа кім қолдайды? Қазақ даласындағы қасіреттің экрандағы көрінісі… Актриса қалай сәтті таңдалған! Сендім» – деді Диана Скатова.
«Залда жалғыз өзім отырдым»
Threads әлеуметтік желісінде де фильмді тамашалаған қазақстандықтар өз әсерлерімен бөлісіп жатыр. Мәселен, gumi_a есімді қолданушы фильмді бар болғаны екі адам отырған залда көргенін жеткізді.
«Күлпәш» фильміне келген көрермен саны өте аз. Залда екі адам отыр. Бұл біздің тарих, әр қазақ көруі керек деп ойлаймын», – деп жазды ол.
Ал symbat_nurova есімді қолданушы көрсетілімге жалғыз барғанын айтты.
«Мен залда жалғыз өзім отырдым. Өте терең мағыналы фильм! Мықты туынды, сүйегімнен өтіп кетті», – деп пікір қалдырды көрермен.
Тағы бір желі қолданушысы tolesynovnakk фильмге алты адам болып барғанын жеткізді.
«Комедия жақсы ғой, тарих туралы да ұмытпай барған дұрыс. Алты адам болып кіріп шықтық! Мектеп жасындағы балалар міндетті түрде қарағаны дұрыс», – деп жазды ол.
«Әкем де ашаршылық құрбаны»
Фильмді тамашалағандардың арасында туындының өз отбасылық тарихымен байланысты екенін айтқандар да бар. Threads қолданушысы amandyq.amirkhamzin картинаға барар алдында Бейімбет Майлиннің шығармасын қайта оқып шыққанын жазды. Оның пікірінше, фильмде әңгіменің негізгі желісі сақталғанымен, режиссер қосымша көріністер енгізген.
«Өз басым фильмді ұнаттым, көзге жас келді. Менің әкем де ашаршылық құрбаны, бес жасында тірі қалған, сондықтан іштей дайындықпен бардым, дегенмен ауыр, көзге жас келді», – деп бөлісті ол.
«Күлпәш» фильмі не туралы
«Күлпәш» – жазушы Бейімбет Майлиннің аттас шығармасы негізінде түсірілген тарихи драма. Туындыда қазақ даласындағы ашаршылық жылдарында өмір сүрген отбасының ауыр тағдыры, жоқшылық пен аштық жағдайында жақындарын аман алып қалуға тырысқан ананың күресі суреттеледі. Фильмде басты рөлдерді Гүлмира Хасанова, Еркебұлан Дайыров, Бәйкенже Белбаев және басқа да актерлер сомдаған.