336 келі құнды жұмыртқа: Солтүстік Қазақстанда екі ер адам сотталды
Солтүстік Қазақстан облысында көлден сирек кездесетін су биоресурсын заңсыз жинап, мемлекетке 6 миллион теңгеге жуық экологиялық залал келтірген екі азаматқа сот үкімі шықты. Ақмола облысының тұрғындары бір жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Tizgin.kz облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түнде көлден 336 келі артемия жұмыртқасын жинаған
Прокуратура мәліметінше, оқиға 2025 жылдың шілде айында Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында болған. Ақмола облысының екі тұрғыны алдын ала сөз байласып, аудандағы көлдердің біріне заңсыз кәсіппен айналысу мақсатында барған.
Түнгі уақытта олар 336,4 келі Artemia salina (артемия салина) жұмыртқасын жинаған. Ер адамдар құнды биоресурсты сатып, заңсыз пайда табуды көздеген, алайда құқық қорғау органдары оларды оқиға орнында ұстады. Заңсыз жиналған биоресурстар мен аулау құралдары тәркіленді. Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, браконьерлердің әрекетінен мемлекетке 5 952 104 теңге экологиялық залал келтірілген.
Шығынды өтесе де, түрмеге қамалды
Сот отырысында айыпталушылар кінәларын толық мойындап, мемлекетке келтірілген шығынды өтеген. Соған қарамастан, сот қылмыстың пайдакүнемдік мақсатта және алдын ала сөз байласу арқылы жасалғанын, сондай-ақ келтірілген залалдың аса ірі мөлшерін ескерген.
Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 21 қыркүйектегі үкімімен екі азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Рақымшылық туралы заңды ескере отырып, сот олардың әрқайсысын бір жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Сот үкімі заңды күшіне енді.
Артемия салина несімен құнды
Артемия салина – тұзды су айдындарында тіршілік ететін ұсақ шаянтәрізді организм. Оның жұмыртқалары балық шаруашылығында, соның ішінде балық шабақтарын қоректендіру үшін кеңінен пайдаланылады. Сонымен қатар фармацевтика саласында да қолданылады. Бұл биоресурс экономикалық жағынан құнды болғандықтан, оны заңсыз жинау табиғи қордың азаюына және су айдындарының экологиялық тепе-теңдігінің бұзылуына әкелуі мүмкін.