Астанада қазақша сөйлеп үйренуге арналған клуб ашылды
Астанада қазақ тілінде еркін сөйлегісі келетін, бірақ қателесуден немесе ойын жеткізе алмай қалудан қорқатын азаматтарға арналған сөйлесу клубы ашылды. Бастаманы Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Наталья Дементьева қолға алды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қазақша сөйлеуге қолайлы орта қалыптастырылмақ
Жаңа клубтың басты мақсаты – қазақ тілін үйреніп жүрген азаматтардың тілдік кедергіден арылып, күнделікті өмірде қазақша еркін сөйлесуіне жағдай жасау. Мұнда қатысушылардан қазақ тілін жетік білу талап етілмейді. Керісінше, қателесуден қорықпай, өз ойын ашық жеткізуге және сөйлеу дағдысын тәжірибе арқылы дамытуға басымдық беріледі. Клуб кездесулерінде қатысушылар бір-бірімен танысып, түрлі ойындарға қатысады, өз тәжірибелерімен бөліседі және қазақ тілінде әңгімелеседі.
Кездесулер аптасына екі рет өтеді
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, сөйлесу клубының кездесулері аптасына екі рет өткізіледі. Тұрақты кездесулер қатысушылардың сөздік қорын кеңейтіп, ауызекі сөйлеу дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар клуб қазақша сөйлегенде өзін сенімсіз сезінетін адамдарға тілдік кедергіні біртіндеп еңсеруге көмектесуді көздейді.
Бастаманың ерекшелігі – қатысушыларға еркін әрі қолайлы орта ұсыну. Мұнда басты назар грамматикалық ережелерді жаттауға емес, қазақ тілін күнделікті қарым-қатынаста қолдануға аударылады. Жаңа сөйлесу клубы мемлекеттік тілді үйренуге ниетті азаматтарды біріктіріп, қазақ тілінде еркін қарым-қатынас жасау мәдениетін дамытуға бағытталған.