ЖаңалықтарОқиға

Павлодардағы фермада қаза тапқандардың есімдері жарияланды

Қаза болған алты адамның үшеуі – бір отбасы мүшелері.

Павлодар облысындағы Aqtogai Milk ЖШС аумағында болған қайғылы оқиғадан қаза тапқандардың есімдері белгілі болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қайғылы оқиғаға не себеп болды

Қайғылы оқиға кәсіпорын аумағындағы кәріз құдығында электр сорғысын жөндеу жұмыстары кезінде болған. Оқиға салдарынан алты адам көз жұмды.

Қаза тапқандардың арасында бір отбасының үш мүшесі бар

Көршілерінің айтуынша, марқұмдардың қатарында:

  • 1983 жылы туған Е. С. Яроцкий;
  • 1963 жылы туған Ж. Ж. Қайдаров;
  • 1998 жылы туған Рахат Расул болған.

Сондай-ақ, қаза тапқандардың үшеуі бір отбасының мүшелері екені белгілі болды. Олар: 1975 жылы туған Бауыржан Мұхаммед және оның 2006 жылы туған ұлы Дархан Мұхаммед пен 2009 жылы туған ұлы Дәулет Мұхаммед.

Ауылдастарының сөзінше, Рахат Расул да осы отбасының туысы болған.

Тек бір адам аман қалды

Оқиға кезінде 1988 жылы туған Азамат Балғабаев қана аман қалған. Ол Ақтоғай аудандық орталық ауруханасына жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынды.

Еске сала кетсек, кеше Павлодар облысының Жоламан ауылында сүт фермасының аумағындағы кәріз құдығында жұмыс жүргізу кезінде алты адам қаза тапқанын жаздық.

«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді», – деп мәлімдеді Павлодар облысының полиция департаменті

Back to top button