Экс-министр Жақсыбек Құлекеев «Самұрық-Қазына» қоры басшылығының кадр қабылдау мәселесінде компанияның ішкі рәсімдерін бұзуды талап еткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Бүгін түске дейін осы адамды жұмысқа қабылдаңдар»
Жақсыбек Құлекеев бұл туралы Корпоративтік басқару форумы аясында айтты. Ол «ҚазМұнайГазда» қызметкерлерді жұмысқа қабылдаудың нақты тәртібі қалыптасқанын, алайда «Самұрық-Қазына» басшылығының талаптары сол рәсімдерге қайшы келетінін жеткізді.
«Мен әлі де «ҚазМұнайГазда» жұмыс істеп жүрмін. Бізде ішкі рәсімдер өте жақсы, бірақ «Самұрық-Қазына» басшылығы бізден осы ішкі рәсімдерді бұзуды талап етеді. Мысалы, егер біз біреуді жұмысқа қабылдағымыз келсе, ашық конкурс жариялауымыз керек және сол конкурстың қорытындысы бойынша неғұрлым лайықты адамды таңдап алуымыз қажет. Қандай лауазымға, қандай біліктілікпен қабылдау керектігі – мұның бәрі сапа менеджменті жүйесіне сәйкес жазылған», – деді ол.
Құлекеевтің айтуынша, жаңадан келген адамдар компанияда белгіленген кадр іріктеу тәртібін ескермей, нақты үміткерлерді жұмысқа қабылдауды талап еткен.
«Ештеңе білмеймін, шешім бүгін қабылдануы керек»
«Жаңа адамдар келіп: «Мен ештеңе білмеймін, міне, саған түйіндеме, бүгін түске дейін осы адамды жұмысқа қабылдаңдар», – дейді. Біз: «Тыңдаңыздар, біздің ішкі рәсімдеріміз бар, біз конкурс жариялауымыз керек, тиісті іріктеу жүргізуіміз керек, бұл адамды комплаенс бойынша тексеруіміз керек», – дейміз. Олар: «Ештеңе білмеймін, шешім бүгін қабылдануы керек», – дейді», – деп мәлімдеді Құлекеев.
Осылайша, Құлекеевтің сөзінше, «Самұрық-Қазына» басшылығы компанияның кадр іріктеу тәртібін сақтауға қатысты уәждерін ескермей, өздері ұсынған адамдарды жұмысқа қабылдауды талап еткен.
Нұрлан Жақыповтың ұсталуы
Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ұсталғанын 2026 жылдың 12 қарашасында растаған еді. Сол күні Астанадағы «Атлант» тұрғын үй кешені маңынан АҚШ долларына ұқсас купюралар салынған шабадандар табылғаны туралы хабар тараған еді. Доллар шашылған видео бүкіл желіге тарап, үлкен резонанс туызған.
Нұрлан Жақыпов ұсталғаннан кейін «Самұрық-Қазына» қоры мәлімдеме жасап, құқық қорғау органдарына жан-жақты қолдау көрсетіп, тергеуге қажетті ақпарат пен құжаттарды ұсынатынын мәлімдеген. Ізінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді. Президент бұл жағдайды мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлық мәселесінің күрделілігін көрсететін оқиға деп бағалады.