TOP-2Жаңалықтар

Нақты шешімдер қабылдау мәселелеріне баса мән берілді – Тоқаев Дәдебайды қабылдады

Қңірлердегі 52 жобаға қосымша 47 млрд теңге бөлінді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайды қабылдады. Кездесу барысында парламент жұмысының нәтижелері, жаңа заң жобалары және өңірлердегі инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Tizgin.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Айбек Дәдебай Президентке Құрылтайдың қазіргі жұмысы мен «Әділет» партиясының қызметі туралы есеп берді. Оның айтуынша, депутаттар осы уақытқа дейін 18 заң қабылдаған. Қазір тағы 38 заң жобасы қаралып жатыр. Құрылтай жұмысында Мемлекет басшысының бірінші сессияның ашылуында және Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын заңнамалық тұрғыдан іске асыруға басымдық беріліп отыр.

Жаңа Азаматтық кодекс әзірленіп жатыр

Кездесу барысында жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жұмыстары туралы айтылды. Сонымен қатар, балалардың құқықтарын қорғау, педагогтер мен медицина қызметкерлерін қолдау және басқа да әлеуметтік маңызды бағыттар бойынша заңнамалық бастамалар пысықталып жатыр.

Айбек Дәдебай 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджеттің қабылданғанын да жеткізді. Депутаттардың бастамасымен өңірлердегі 52 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға қосымша 47 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаражат жылу, электр, газ және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады.

Заң жобаларын талдауға жасанды интеллект қолданылады

Құрылтай төрағасы қабылданған заңдардың орындалуына парламенттік бақылауды күшейту шараларына да тоқталды. Атап айтқанда, заңдардың іс жүзінде қаншалықты тиімді қолданылатынын және қабылданған шешімдердің нәтижесін бағалау үшін заңнамалық мониторинг жүргізу қағидалары бекітілген. Сонымен бірге заң жобаларын талдау, құқықтық қайшылықтар мен ықтимал тәуекелдерді анықтау мақсатында e-Quryltai жүйесі мен жасанды интеллект технологияларын енгізу жалғасып жатыр.

Кездесуде Құрылтайдың қоғамдық қабылдауы және e-Otinish платформасы арқылы халықпен кері байланысты нығайту мәселелері де қаралды. Сессия басталғалы депутаттар өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 111 депутаттық сауал жолдаған. Азаматтар көтерген мәселелер заңнамалық бастамаларды әзірлеу кезінде ескерілетіні айтылды.

Бұдан бөлек, мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылып, ЮНИСЕФ-пен балалардың құқықтарын қорғау бағытында ынтымақтастық орнатылған. Айбек Дәдебай Женевада өткен Парламентаралық одақ алаңында жасанды интеллектке негізделген AI-Quryltai парламенттік платформасы таныстырылғанын да жеткізді.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button