Тоқаевтың «ҚазМұнайГаз» басшысын қабылдауында 16,7 трлн теңгенің жобалары талқыланды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасеновті қабылдады. Кездесуде компанияның биылғы он айдағы жұмыс нәтижелері, геологиялық барлау бағдарламасы және жалпы құны 16,7 трлн теңге болатын инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды, деп хабарлайды Tizgin.kz Ақордаға сілтеме жасап.
26 жаңа ұңғыма бұрғыланады
Асхат Хасенов Мемлекет басшысына ұлттық компанияның қаржылық жағдайы тұрақты екенін баяндады. Оның айтуынша, бүгінде «ҚазМұнайГаздың» капиталы 22 трлн теңгені құрайды. Бұл компанияға жалпы құны 16,7 трлн теңге болатын ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Компания 2026–2030 жылдарға арналған геологиялық барлау бағдарламасын қабылдаған. Құжат аясында 23 жобаны іске асырып, 60 мың шақырым көлемінде сейсмикалық барлау жүргізу және 26 іздестіру-барлау ұңғымасын бұрғылау жоспарланып отыр. Аталған жобалардың жалпы геологиялық ресурстық әлеуеті 4,7 млрд тонна шартты отынға бағаланады.
Сонымен қатар ұлттық компания қолданыстағы кен орындарында қосымша барлау жұмыстарын жалғастыруда. Атап айтқанда, Атырау облысындағы Батыс Қарасор және Маңғыстау облысындағы Қаражанбастың Жағалау аймағы кен орындарын игеру басталған. Бұдан бөлек, өндіріс тиімділігін арттыру мақсатында жасанды интеллект технологиялары қолданылып, кен орындарының цифрлық телнұсқалары енгізіліп жатыр.
Газ өндірісі мен мұнай өңдеу көлемі артады
Кездесуде газ өндіру және мұнай өңдеу саласындағы жобаларға да ерекше назар аударылды. Асхат Хасеновтің мәліметінше, тауарлық газ өндіру көлемін қысқа мерзімде 2,6 млрд текше метрден 4,5 млрд текше метрге дейін жеткізу жоспарланған. Осы мақсатта Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында газ нысандары салынып жатыр. Сонымен бірге қосымша экспорт бағыттарын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Биылғы он айда еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарында 14,9 млн тонна мұнай өңделген. Жыл қорытындысы бойынша жеңіл мұнай өнімдерін өндіру көлемі былтырғы көрсеткіштен 800 мың тоннаға артады деп күтілуде. Сондай-ақ Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 12 млн тоннаға дейін, ал Павлодар мұнай химиясы зауытының қуатын 6 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін ұлғайту жұмыстары қолға алынған.
Ұлттық компания басшысы Президентке Атырау облысында жүзеге асырылып жатқан ірі мұнай-газ химиясы жобалары, соның ішінде полиэтилен өндірісі мен газ сепарациялау кешенінің құрылысы туралы да есеп берді. *Бұдан бөлек, кездесуде өңірлердегі әлеуметтік және экологиялық бастамалар сөз болды. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында «ҚазМұнайГаз» қызметкерлері жыл басынан бері 386 мың ағаш отырғызған.
Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев геологиялық барлау жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып, жоспарланған инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.