TOP-1Сараптама

Қазақ тойларындағы бәсекелестіктен қалай арылуға болады

Қазақта үйлену тойы бір күндік салтанатпен шектелмейді. Салт-жоралғыға көз жүгіртсек, тәтті шайдан бастап, құдалық, сырға салу, қыз ұзату, беташар, келін шай, есік көрсетуге дейін жалғасатын тойға қатысты 50-ден астам дәстүрді атауға болады екен. Олардың кейбірі бүгінде отбасыларға қосымша шығын әкеліп отыр. Бірі үйлену тойын 210 мың теңгеге өткізсе, енді бірі бірнеше рәсімге 15 миллион теңге жұмсап, жылдар бойы несиесін төлеп келеді. Қазақ өз тойында кіммен жарысады және бір күндік қуаныш неге кей отбасылар үшін ұзақ мерзімді қаржылық міндеттемеге айналды?

Тойды қалта көтере ме

Тойға керек қаражатты жалақыға күн көріп отырған отбасы қанша уақытта жинай алады? Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық атаулы жалақы 486 388 теңгені құрады. Ал медианалық жалақы – 348 415 теңге. Есепте орташа емес, медианалық жалақыны негізге алдық. Себебі орташа жалақыны есептегенде табысы өте жоғары адамдардың еңбекақысы да ескеріледі. Бұл жалпы көрсеткішті жоғарылатады.

Облыс орталығында тұратын, табысы орташа екі отбасыны елестетіңіз. Жігіт жақ 200 адамға үйлену тойын өткізеді, ал қыз жақ 150 адамға ұзату ұйымдастырмақ. Оған 50 адамдық құдалық, жасау, қалыңмал және өзге де шығын қосылады. Тойда танымал әртіс, кортеж бен қымбатдекорация болмайды, дегенмен екі жастың қалауын барынша орындауға тырыстық.

Фотода Дәурен Алтынбеков

Енді екі жақтың да тұрақты табысы бар деп есептейік. Әр отбасында екі адамнан жұмыс істейді, демек тойға төрт адамның табысы жұмылдырылуы керек. Олардың әрқайсысы ай сайын 348 415 теңге жалақы алса, төрт адамның бір айдағы табысы 1 393 660 теңгені құрайды. Алты айда екі отбасы 8 361 960 теңге табады. Дегенмен жарты жыл бойы бар ақшаны тойға қалдырып отыруқиын. Сондықтан екі отбасы табысының 30 пайызын жинайды деп алайық. Бұл жағдайда төрт адам ай сайын 418 098 теңге, алты айда 2 508 588 теңге жинай алады. Демек той жасауға әлі 8 305 737 теңге жетіспейді. Осы қарқынмен ай сайын табысының 30 пайызын жинаған екі отбасы қажет соманы шамамен 26 айда, яғни екі жыл екі айға жуық уақытта жинайды.

Бір қызығы, осы есептегі ең арзан шығын – некені ресми тіркеу үшін төленетін 4 325 теңгелік мемлекеттік баж. Ал той өткізуге кететін қаражат шамамен 11 млн теңгені құрап отыр. Сонда заң алдында бір отбасы атану үшін бірнеше мың теңге жеткілікті болса, сол қуанышты атап өтуге миллиондаған теңге кетеді. Осы тұста «Тойға кететін қаражаттың қаншасы екі жастың қалауына, ал қаншасы елдің сөзіне қалмау үшін жұмсалады?» деген сұрақ туады.

Бір тойдың шығыны бірнеше жылға созылады

Материалдық жағдайына қарамай той жасаған кей отбасылар оның қарызын жылдар бойы төлеуге мәжбүр. Төрт жыл бұрын тұрмысқа шыққан кейіпкеріміз Салтанат Әшімованың оқиғасы (кейіпкердің тегі өзгертілген) соның бір мысалы. Оның айтуынша, екі жақтың тойына, құдалыққа және қыз жасауына шамамен 15 миллион теңге кеткен.

Салтанаттың ата-анасы жасауға қажет тұрмыстық техника мен жиһазды несиеге алған. Ал күйеу жігіт той шығындарын жабу үшін көлігін сатқан. Арада төрт жыл өтсе де, қыздың ата-анасы жасауға алынған несиені әлі төлеп келеді.

«Сол жылдары қыз жасауына қымбат брендтердің техникасын қосу сәнге айналды. Мен де өзгелерден қалғым келмей, ата-анама түрлі затты алдырттым. Олар да көңілімді қалдырғысы келмеді. Ұзату мен тойдың безендірілуіне  мән бердім. Әр қонаққа 500 теңгеден кәдесый дайындадық. Баннерге, мейрамхананы безендіруге, махаббат хикаямыз туралы бейнебаян түсіруге де қыруар ақша жұмсадық.

Ол кезде осының бәрі өте маңызды көрінетін. Ал қазір сол заттардың көбісі есімде де жоқ. Ең қатты өкінетінім – өзімнің бір күндік қалауым үшін ата-анамды қарызға батырғаным. Олар менің көңілімді қимай, несиеге алған заттарының ақшасын әлі төлеп жүр», – деп еске алды ол.

Салтанат Әшімованың сөзінше, той үшін алынған қарыз кейін отбасында туындаған жанжалдың себебі болған. Биыл ерлі-зайыптылар ажырасып, екі жаққа кеткен.

Той жастардан гөрі ата-анаға керек пе

Нархоз университеті жанындағы Social Dynamics Research Center директоры, әлеуметтанушы Айман Жүсіпова Қазақстандағы әуелде қазақ халқы тойды байлығын көрсету үшін емес,туыстардың байланысын сақтайтын, әулеттің ішіндегі қарым-қатынасты нығайтатын маңызды оқиға саналғанын айтады.

Фотона Айман Жүсіпова

«Той жасамастан бұрын дәстүр мен әлеуметтік қысымды ажырата білу керек. Қазақ дәстүрінің өзі шамадан тыс шығынды талап етпейді», – дейді әлеуметтанушы.

Сарапшының пікірінше, мәселе отбасы өз мүмкіндігін өзгенің атқарған тойымен салыстыра бастағанда туындайды. Бұл жағдайда отбасы тойға шамасы жете ме, жоқ па деп емес, жұрт не дейді деп шешім қабылдауы мүмкін. Әлеуметтанушы бұл құбылысты Торстейн Вебленнің демонстративті тұтыну тұжырымдамасымен байланыстырады. Аталған теорияға сәйкес, адамдар кейде тұтыну арқылы қоғамдағы мәртебесін көрсетуге тырысады. Сондықтан қымбат той әрдайым отбасының ауқатты екенін білдірмейді.

«Біздің қоғамда отбасының шешіміне көбінесе туыстар тікелей немесе жанама ықпал етеді. Кейде адамдардың қаржылық мүмкіндігінен артық шығындалуына «ел не дейді»деген қорқыныштың өзі түрткі болады», – дейді сарапшы.

Әлеуметтанушының пікірінше, қазір тойға қатысты дәстүрлерден бас тартпай, оларды заманауи мақамға бейімдеу керек. Тұтас әулеттің қуанышы саналған тойға қатысты шешімге ежелден ата-ана мен туыстар араласып отырған. Ал бүгін кезек тойға келгенде тізгінді я жастарға, я үлкендерге беру керек.

«Дарақылықтан гөрі даралыққа басымдық берсек қой»

Той-бизнес өкілі, тараздық асаба Дәулет Алтынбеков те соңғы жылдары халықтың салтанатты мерекеге келгенде талғамы өзгергенін байқаған.

Соңғы кездері асаба «шағын тойға көшсек» деген пікір айтып жүр. Оның сөзінше, қазақтың тойында әлі бәсекелестік басым.

«Той иелеріне тойдың біреумен жарысатын жер емес екенін түсіндіруге барынша тырысамын. Мейрамның қадірі жұмсалған ақшамен емес, қонақтардың көңілінде қалған әсермен өлшенеді. Тойдың сәні – екі жастың бақыты мен айтылған ақ тілек. Сондықтан әр тойда даңғазалық пен дарақылықтан гөрі даралыққа басымдық берсек қой деймін», -дейді ол.

Асабадан шағын тойдың той-бизнеске келтірер залалы туралы сұрадық. Оның пікірінше,қарыз алып, несиеге той өткізу – құптарлық шешім емес. Ал отбасының жағдайы жеткілікті болса, көпшілікке той жасаудың еш әбестігі жоқ.

«Жастардың да тойға деген көзқарасы өзгергенін байқаймын. Бұрын үлкен салтанат өткізуге асығатындар көп еді, ал қазір жастар шағын мереке жасауға қарсы емес. 50 адамдық тойды да, 500 адамдық тойды да шынайы көңіл-күймен, естелік қылып өткізуге тырысамыз», – дейді асаба.

Шағын той той-бизнестің келесі сатысы бола ала ма

14 жылдан астам тәжірибесі бар той ұйымдастырушысы Александра Деккерт Қазақстандағы той индустриясының соңғы онжылдықта қалай өзгергенін баяндады.

Фотона Александра Деккерт

Деккерттің өз жұмысындағы мақсаттарының бірі той нарығындағы заманауи трендтерді қазақтың дәстүрімен үйлестіріп, көпшілікке таныстыру болған.

«Соңғы 5 жылда клиенттердің бір бөлігі тойдың мазмұнына басқаша қарайтын болды. Олар көпшілікті таңғалдырудан бұрын, өздеріне ұнайтын әрі есте қалатын мереке ұйымдастыруға ұмтылады. Біз ең алдымен тойды біреуге бірдеңе дәлелдеу немесе сән-салтанат көрсету үшін емес, өзің үшін өткізу маңызды екенін түсіндіреміз. Бұл күн жас жұбайлардың есінде қалып, оларға ерекше эмоция сыйлауы керек. Қазір осы ұстанымның нәтижесін көріп отырмыз», – деді маман.

Оның айтуынша, бұл өзгеріс агенттікке түсетін сұраныстан да байқалады. Бұрын шағын той өткізгісі келетін жұптардың үлесі шамамен 30 пайыз болса, бүгінде агенттікке жүгінетіндердің 90 пайызы мейрамын осылай өткізгісі келеді.

Той индустриясында шағын салтанатттың да өзіндік атауы бар. Шетелде оларды intimate wedding (жақындар ортасындағы той) немесе micro-wedding (қонақ саны шектеулі шағын той) деп атайды.Шағын тойдың ерекшелігі тек қонақ санының аздығында емес. Бұл форматта тағам ұсыну тәсіліне, безендіруге, музыкаға, қызмет көрсету сапасына және әр қонақтың жайлылығына көбірек көңіл бөлінеді. Маманның пікірінше, бұл батыстың салтын қайталау емес, қазақ мәдениетін жаңаша таныстыруға арналған мүмкіндік.

«Бәлкім, қазақтың қонақжайлығы жүздеген адамды шақырумен өлшенбейтін шығар. Әр қонаққа ерекше көңіл бөліп, өзін осы қуаныштың ажырамас бөлшегі сезіндірсек қандай тамаша», – дейді Деккерт.

210 мың теңгелік той – жаңа буынның таңдауы

Фотода Ақырыс Исламғалиева мен Абат Ғұмаров

Оралдық Абат Ғұмаров пен Ақырыс Исламғалиева биыл тамызда шағын үйлену тойын өткізген. Олар жүздеген адамға арналған банкет ұйымдастырудан бас тартып, қуанышын ата-анасы менжақын достарының арасында атап өтті. Жас жұбайлар Оралдағы арнайы неке қию алаңында 125 мың теңгеге жалдаған. Ал салтанатты рәсімге 50 адам шақырылған.

Қалыңдық той көйлегін 19 мың теңгеге, күйеу жігіт костюмін 13 мың теңгеге қытайлық маркетплейстен тапсырыс берген. Фотографқа 20 мың теңге, қалыңдықтың шаш үлгісіне 9 мың теңге, гүл шоғына 4 мың теңге жұмсалған. Ал макияжды Ақырыс өзі жасаған. Ақырыс Исламғалиева қыз жасауынан да бас тартқан.

«Қыз ұзатылғанда міндетті түрде қымбат төсек, кір жуғыш машина, ыдыс-аяқ алу керек дегенді түсінбеймін. Жаңа түскен келінде бірден осының бәрі болмаса, біреуден кем болып қала ма? Төсекті де, жиһазды да кейін біртіндеп алуға болады ғой. Үйлене сала отыз екі адамға қонақ күтпейсің. Сонда үлкен ыдыс-аяқ жиынтығын несиеге алудың не қажеті бар?

Сол заттарды жастар өз ақшасына алса бір жөн. Көбіне ата-анасы, аға-жеңгесі, әпке-жездесі алып береді. Сөйтіп, бір той үшін бірнеше адам қарызға кіреді. Ал қарыз көбейген жерде қаржылық қиындық та, ұрыс-керіс те шығуы мүмкін», – дейді Ақырыс Исламғалиева.

Қазақ тойларындағы бәсекелестіктен арылу үшін міндетті түрде үлкен тойдан бас тартудың қажеті жоқ. Мәселе қонақтың санында да, дастарқанның молдығында да емес, тойды кім үшін және қандай мақсатпен өткізетіңізге келіп тіреледі. Біреу жүздеген адамды қарызсыз күтсе, екіншісі шағын тойдың өзіне несие алуы мүмкін. Сондықтан тойдың сәнін жұмсалған ақшамен өлшеу тоқтамайынша, бәсекелестік басылмайды.

 

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button