Ұлттық ұлан Жезқазған қауіпсіздігін күзетуге кірісті
Ұлытау облысының орталығында Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері алғаш рет қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету қызметіне кірісіп, «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыруға өз үлестерін қосты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жезқазған қаласында Ұлттық ұланның қызметтік тарихында жаңа кезең басталды. ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 5575 әскери бөлімінің әскери қызметшілері алғаш рет қала көшелеріне шығып, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындауға кірісті.4
“Жаңа қызметтің салтанатты басталуы Ұлытау облысы әкімдігінің ғимараты алдындағы алаңда өткен гарнизондық саптық жиыннан бастау алды. Іс-шараға облыс әкімдігінің, құқық қорғау органдарының өкілдері, әскери басқару органдарының басшылығы мен әскери бөлімнің жеке құрамы қатысты. Салтанатты саптық жиын барысында әскери қызметшілерге алдағы қызметтің нақты міндеттері қойылып, патрульдік қызметті атқару тәртібі мен негізгі талаптары түсіндірілді. Әсіресе заңдылықты қатаң сақтау, әскери тәртіпті нығайту, қырағылық таныту және азаматтармен әдепті қарым-қатынас орнату мәселелеріне ерекше назар аударылды. Гарнизондық саптық жиын аяқталған соң ұландықтар Жезқазған қаласының көшелеріндегі қызметтік бағыттарына аттанды. Енді ІІМ Ұлттық ұлан әскери қызметшілері облыс орталығында қоғамдық тәртіпті сақтау мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тұрақты түрде өз үлестерін қосатын болады”, – деп хабарлайды ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, 5575 әскери бөлімі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 25 сәуірдегі қаулысына сәйкес құрылған. Жаңа әскери бөлімнің құрылуы Ұлытау облысындағы қоғамдық қауіпсіздік жүйесін нығайту жолындағы маңызды қадам болды.
Жезқазған және Сәтбаев қалаларының ішкі істер органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, әскери бөлімнің жеке құрамы қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындайды. ІІМ Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің Жезқазған көшелеріне шығуы өңір үшін айрықша маңызға ие. Бұл — құқық қорғау құрылымдары арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа кезеңі, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкіндіктерін кеңейту және тұрғындар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.

Ұландықтар үшін бұл жай ғана жаңа патрульдік бағыт емес, халықтың тыныштығын күзету, қоғамдық тәртіпті қорғау және әскери борышын абыроймен атқару секілді зор жауапкершілікті жүктейтін қызмет. «Заң мен тәртіп» қағидаты заңға құрметпен қараудан, жеке жауапкершіліктен және қоғам қауіпсіздігіне әр азаматтың үлес қосуға дайын болуынан басталады. Ал ұландықтар күнделікті мінсіз қызметімен осы маңызды міндетке адалдықтарын көрсетіп келеді.