TOP-1Экономика

Қазақстандықтар депозиттегі ақшасын қай банкте көбірек сақтайды

Мемлекет банктеріндегі жеке тұлғалардың депозит көлемі 30,7 трлн теңгеге жетті. Алайда қыркүйек айында нарықтағы өсім айтарлықтай баяулаған. Соған қарамастан, бірқатар банк салым көлемін арттырып, көшбасшылар қатарынан көрінді, деп хабарлайды Tizgin.kz

Депозит көлемі бойынша қай банктер алда

Осы жылғы қыркүйектің соңындағы жағдайға сәйкес Қазақстанның екінші деңгейлі банктеріндегі халық салымдарының жалпы көлемі 30,7 трлн теңгені құрады. Бұл алдыңғы аймен салыстырғанда айтарлықтай өзгермеген. Яғни депозит нарығында өсім болғанымен, оның қарқыны бәсеңдеген. Мұның бір себебі – базалық мөлшерлеменің төмендеуі. Бұл өзгеріс банктер ұсынатын депозиттік сыйақы мөлшерлемелеріне де әсер етіп, халықтың жинақ ақшасын орналастыру белсенділігін төмендетуі мүмкін. Жекелеген банктер көрсеткішіне назар аударсақ, қыркүйекте 23 банктің тек тоғызы ғана депозит көлемін арттыра алған. Айлық өсім бойынша бірінші орынға Kaspi Bank шықты. Бір айда бұл банктегі халық салымы 93,9 млрд теңгеге немесе 1,2 пайызға көбейген.

Екінші орында – Freedom Bank. Оның депозит портфелі 27,2 млрд теңгеге, яғни 2,5 пайызға өсті.

Алғашқы үштікті Отбасы банк түйіндеді. Мұнда халық салымы бір айда 26,2 млрд теңгеге немесе 0,8 пайызға артқан.

Бір жылдағы депозиті өсімі

Айлық өсім баяулағанымен, жылдық көрсеткіш әзірге жоғары деңгейде. Соңғы бір жылда Қазақстан банктеріндегі жеке тұлғалардың депозиттері 16 пайызға, яғни 4,2 трлн теңгеге көбейген. Жылдық өсім бойынша да Kaspi Bank көш бастап тұр. Бір жыл ішінде банктегі халық салымы 1,4 трлн теңгеге немесе 20,7 пайызға артқан. Осылайша депозит портфелі 8 трлн теңгеге жуықтады.

Екінші орында – Отбасы банк. Мұндағы салым көлемі бір жылда 819,8 млрд теңгеге немесе 30,8 пайызға өскен.

Үшінші сатыға Банк ЦентрКредит жайғасты. Оның жеке тұлғалардың депозиттері 586,5 млрд теңгеге немесе 18,6 пайызға көбейген.

Сондай-ақ үздік бестікке Halyk Bank пен ForteBank кірді. Бір жылда Halyk Bank депозиттері 542,2 млрд теңгеге, ал ForteBank салымдары 343,5 млрд теңгеге артқан. Жалпы статистика халық қаражатының едәуір бөлігі ірі банктерде шоғырланып жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта депозит нарығындағы бәсеке тек жоғары пайыздық мөлшерлемемен шектелмеуі мүмкін. Клиенттер үшін мобильді қосымшалардың қолайлылығы, депозит шарттарының икемділігі және банкке деген сенім де маңызды факторға айналады. Бұдан былай депозит нарығының өсімі базалық мөлшерлеменің өзгеруі мен банктердің салымшыларды тарту саясатына тікелей байланысты болмақ.

Back to top button