Путинді тұтқындау туралы ордер: Еуроодақ Тәжікстанды міндеттемесін орындамады деп сынады
Еуропа одағы Ресей президенті Владимир Путинді тұтқындау туралы Халықаралық қылмыстық соттың ордерін орындамаған Тәжікстан билігін сынға алды. Брюссель Душанбе халықаралық міндеттемелерін сақтамағанына өкініш білдіріп, сотпен толық ынтымақтастық орнатуға шақырды, деп хабарлайды Tizgin.kz DW басылымына сілтеме жасап.
Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметі (EEAS) 22 қарашада жариялаған мәлімдемесінде Тәжікстанның Ресей президенті Владимир Путинді 19-20 қараша күндері ресми сапармен қабылдауынан кейін ұстанымын білдірді. Еуроодақтың мәлімдеуінше, Душанбе Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) Рим статуты аясындағы міндеттемелерін орындамаған. Өйткені Ресей басшысын тұтқындау туралы халықаралық ордер әлі күшінде.
«Еуропа одағы Рим статутында қарастырылған, бүкіл әлемнің бейбітшілігіне, қауіпсіздігі мен әл-ауқатына қатер төндіретін қылмыстар жазасыз қалмауға тиіс екенін еске салады», – делінген мәлімдемеде.
Брюссель барлық мемлекеттерді Халықаралық қылмыстық сотпен толық ынтымақтастық орнатуға, оның ішінде тұтқындау туралы ордерлерді дер кезінде орындауға шақырды. Сонымен қатар Еуроодақ Ресейдің Украинаға қарсы соғысы барысында жасалған халықаралық қылмыстар үшін жауапкершілік мәселесін көтеріп, зардап шеккендердің әділ сотқа жүгіну және өтемақы алу құқықтарын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, бұл Тәжікстанға айтылған алғашқы сын емес. 2025 жылдың қазанында да Еуроодақ Путиннің Душанбе қаласына сапарына байланысты осындай мәлімдеме жасаған. Сол кезде Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Тәжікстан билігін Ресей президентінің елге кіруіне жол бермеуге немесе келген жағдайда тұтқындауға шақырған еді.
Путинді тұтқындау туралы ордер
Халықаралық қылмыстық сот 2023 жылы 17 наурызда Владимир Путин мен Ресейдің бала құқықтары жөніндегі уәкілі Мария Львова-Белованы тұтқындау туралы ордер шығарған. Олар Украинадағы басып алынған аумақтардан балаларды заңсыз депортациялауға және Ресей аумағына заңсыз көшіруге қатысы бар деген күдікке ілінген. Мәскеу бұл айыптауларды жоққа шығарып, Халықаралық қылмыстық соттың юрисдикциясын мойындамайтынын мәлімдеген.
Рим статутына қатысушы мемлекеттер сотпен ынтымақтасуға және оның тұтқындау туралы ордерлерін орындауға міндетті. Алайда мұндай міндеттемелердің мемлекет басшыларына қатысты қолданылуы халықаралық деңгейде құқықтық және саяси пікірталас туғызып келеді. Бұған дейін де осындай жағдай тіркелген. 2024 жылдың қыркүйегінде Владимир Путин Халықаралық қылмыстық соттың юрисдикциясын мойындайтын Моңғолияға сапармен барған. Алайда ел билігі Ресей президентін тұтқындамаған. Кейін Халықаралық қылмыстық сот Моңғолияның ордерді орындамағанын анықтаған.