Қазақстанның екі облысында ауа райына байланысты төрт жол учаскесі жабылды

22 қарашада ауа райының қолайсыздығына байланысты Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының төрт учаскесі жабылды. Көліктің барлық түріне қозғалыс шектеуі енгізілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Компания мәліметінше, шектеу сағат 12:00-ден бастап күшіне енген. Атап айтқанда, Қостанай – Мамлютка тасжолының бір-бірімен жалғасатын екі учаскесінде көлік қозғалысы тоқтатылды.
Қай жолдар жабылды
Қостанай облысында:
- «Қостанай – Мамлютка» тасжолының 163–226-шақырымдары – Ұзынкөл ауылынан Солтүстік Қазақстан облысының шекарасына дейін.
Солтүстік Қазақстан облысында:
- «Қостанай – Мамлютка» тасжолының 226–406-шақырымдары – Қостанай облысының шекарасынан Мамлютка қаласына дейін;
- «Петропавл – Соколовка – Ресей Федерациясының шекарасы» тасжолының 11–73-шақырымдары – Петропавл қаласынан Ресей шекарасына дейін;
- «Астана – Көкшетау – Петропавл – Ресей Федерациясының шекарасы» тасжолының 491–521-шақырымдары – Петропавл қаласынан Мамлютка қаласына дейін.
Жүргізушілерге ескерту
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жүргізушілерге жолға шығар алдында бағыттағы қозғалыс шектеулерін нақтылап алуға кеңес береді.
Жолдардың қазіргі жағдайы мен қозғалысқа енгізілген шектеулер туралы қосымша ақпаратты 1403 нөмірі арқылы алуға болады. Байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді.