Тергеу

Ақтөбеде мектептің 82 млн теңгесін жымқырған үш бухгалтер сотталды

Шалқар ауданының прокуратурасы мектеп қызметкерлеріне жалақы төлеу кезінде 82 млн теңгеден астам қаражат жымқырылғанын анықтады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жалақыны асыра есептеген

Анықталғандай, «№5 мектеп-лицейі» КММ-нің бас бухгалтері басқа бухгалтерлермен бірге 2021-2024 жылдары директордың электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, қызметкерлерге жалақыны асыра есептеп аударып жүрген. Қызметкерлер артық алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, бухгалтерлерге берген.

Осы факті бойынша аудан прокуратурасы ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша қылмыстық іс тіркеді.

Сот шешімі

Шалқар аудандық соты үкімімен үш кінәлі тұлға сотталды.

Бас бухгалтерге 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы, ал қалған екі сотталғанға 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – делінген прокуратура мәліметінде

Сотталғандардың үшеуіне де 10 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты сот жазаны өтеуді кейінге қалдырды.

Үкім заңды күшіне енді.

Back to top button