Жастар ұйымдары қоғамдық бастамалармен қатар мемлекеттік басқаруға кадр келетін ортаға да айналған дейтін тұжырымдар бар. Кезіндеі «Жас Отан» мен Қазақстан жастар конгресінде қызмет еткен азаматтардың арасынан министр, әкім орынбасары, партия жетекшісі және Құрылтай депутаты шықты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жастар ұйымынан шыққан басшылар
Асхат Оралов 2010-2014 жылдары «Жас Отан» жастар қанатының Астана қалалық хатшылығында басшылық қызмет атқарды. Кейін елорданың жастар саясаты басқармасын басқарды, Павлодар облысы әкімінің орынбасары, вице-министр, елорда әкімінің орынбасары және «Nur Otan» атқарушы хатшысы болды. 2023 жылы Мәдениет және спорт министрі, 2024-2025 жылдары Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, 2025-2026 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. 2026 жылғы қыркүйектен «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары.
Шахмардан Байманов 2007 жылы Қызылордадағы Жастар бастамаларын дамыту орталығында еңбек жолын бастады, кейін Қазақстан жастар конгресінде және Ақмола облысының жастар саясаты басқармасында қызмет етті. 2015-2017 жылдары «Жас Отан» төрағасы болды. Кейін Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы, облыс әкімінің аппарат басшысы және орынбасары қызметтерін атқарды. 2026 жылғы маусымнан «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары әрі орталық аппарат басшысы, тамыздан I шақырылымдағы Құрылтай депутаты.
Мадияр Қожахмет 2003 жылдан Қазақстан жастар конгресінде жұмыс істеп, атқарушы директор болды. Кейін Білім және ғылым министрлігінде, Президент Әкімшілігінде және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде басшылық қызметтер атқарды. 2019-2023 жылдары жастар және азаматтық қоғам комитеттерін басқарды. 2023 жылдан Ғылым және жоғары білім министрлігі аппаратының басшысы.
Нұрлан Өтешев 2002-2005 жылдары Қазақстан жастар конгресінің атқарушы директоры, 2008-2012 жылдары «Жас Отан» атқарушы хатшысы болды. Кейін министрліктегі Жастар ісі жөніндегі комитетті басқарды, мәслихат депутаты болды. Қазір Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары.
Мәди Ахметов Алматыдағы жастар ұйымдарын басқарды, университеттерде қызмет етті. 2021 жылы Мәжіліс депутаты болып сайланды. 2023 жылғы желтоқсаннан Алматы облысының Жастар саясаты басқармасының басшысы.
Қазір қандай жастар ұйымдары жұмыс істейді
Биыл 16 шілдеде «Жаңа адамдар» мен «Дала Қырандары» «Әділет» партиясының жастар қанаты аясында бірлесіп жұмыс істеу ниетін жариялады. Екі қозғалыс та дербестігін сақтайтынын мәлімдеген. «Жаңа адамдар» қоғамдық тәртіп пен экология мәселесін көтерсе, «Дала Қырандары» спорт пен патриоттық тәрбиені насихаттайды.
«Жасыл ел» маусымдық еңбек, көгалдандыру және абаттандырумен айналысады. Ұлттық волонтерлік желі мен «Еріктілер лигасы» әлеуметтік көмек көрсетеді. Студенттер альянсы жастар құқығын қорғайды. «Болашақ» қауымдастығы шетелде білім алған мамандарды біріктіреді, «Ассамблея жастары» этносаралық келісімге, «Жас сарбаз» патриоттық тәрбиеге бағытталған. «Адал ұрпақ», «Адал азамат» атты ұйымға айналып үлгермеген бастамалар да танымал болып келеді.
Жастарды қолдауға қанша қаражат бөлінеді
Жастар ұйымдарының қаржы көздері әртүрлі: мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттар, демеушілік, қайырымдылық және халықаралық ұйымдардың қолдауы. Партиялық жастар қанаттары партияның ресурстарына сүйенеді. Мемлекеттік гранттар мен әлеуметтік тапсырыс нақты жобаларды орындауға беріледі.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жылдық қоры – 90 млн теңге: 30 грант, әрқайсысы 3 млн теңгеден. Бағыттары – ғылым, мәдениет, IT, бизнес, медиа және волонтерлік. Комитеттің 2025 жылғы есебінде алты жаңа гранттық жобаға 750 млн теңге бөлінгені жазылған. Бұл сома 90 млн теңгелік грант қорынан бөлек. 2025 жылы «Жасыл ел» және өзге маусымдық жобалар 35,9 мың жасты жұмыспен қамтыды.
Мемлекеттік қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі – «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты. Оның жыл сайынғы жалпы қоры 90 млн теңге. Бағдарлама аясында 30 жасқа 3 млн теңгеден беріледі. Грант ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа және волонтерлік бағыттарды қамтиды. Бағдарлама басталғалы 153 жас грант иегері атанған.
Жастар және отбасы істері комитетінің 2025 жылғы есебінде алты жаңа гранттық жобаны жүзеге асыруға 750 млн теңге бөлінгені көрсетілген. Сол жылы қаражатты қайта бөлу есебінен «Азамат», «ХХІ ғасыр көшбасшысы» және «Жайдарман» телевизиялық жобалары да қаржыландырылды.
Мемлекеттік қолдаудың тағы бір бағыты – жастарды жұмыспен қамту. 2025 жылы «Жасыл ел» және басқа маусымдық еңбек жобалары арқылы 35,9 мың жас жұмысқа тартылды.
Жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеуге қатысқан сарапшы Әділ Құсманов мемлекеттік жастар саясаты мен жастарды әлеуметтік қолдаудың аражігін ажырату қажеттігін айтып жүр. Оның пікірінше, жастар саясаты әлеуметтік көмек көрсетумен шектелмеуі керек. Жас азаматтардың өзін-өзі танытуына, қоғамдағы орнын табуына және шешім қабылдау үдерісіне қатысуына мүмкіндік беретін жүйе қалыптасу қажет.
“Жастар саясаты тек әлеуметтік көмек құралы емес, жастардың өзін-өзі танып, қоғамнан орнын табуға мүмкіндік беретін нақты алаңға айналуға тиіс. Жастардың шешім қабылдау процесіне көбірек қатысуы қажет. Бұл іске мемлекет қана емес, азаматтық институттар да жауапты. Нақты әлеуметтік нәтижеге қол жеткізу үшін олар өзара тығыз байланыста жұмыс істеуі керек, – дейді Әділ Құсманов.