Жаңалықтар

Бірі бір жыл бұрын жоғалған: Алматыда екі ер адамның мәйіті табылды

Алматы мен Алматы облысында із-түзсіз жоғалып кеткен екі ер адамның мәйіті табылды. Олардың бірі бірнеше күн бұрын, екіншісі бір жыл бұрын хабар-ошарсыз кеткен. Бұл туралы LIDER.KZ еріктілер қозғалысы мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бірнеше күн бұрын жоғалған ер адам өлі табылды

1985 жылы туған Мұрат Кенжетайұлы Байтуов 17 қараша күні таңертең Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласындағы үйінен шығып, қайта оралмаған. Ол «Ветеран-10» саяжай бірлестігінде тұрған.

Еріктілердің мәліметінше, із-түзсіз кеткен ер адам 21 қарашада өлі табылған. Оның қандай жағдайда қаза тапқаны әзірге белгісіз. Өлімнің нақты себебі тергеу барысында анықталады.

Бір жыл бұрын жоғалған адамның да мәйіті табылды

Екінші қайғылы оқиға Алматы қаласында тіркелген. 1971 жылы туған Қалдыбай Сейсекұлы Берінбетов 2025 жылғы 8 қарашада сағат 10:00 шамасында Алатау ауданындағы үйінен шығып, хабар-ошарсыз кеткен.

Содан бері ер адамның қайда жүргені белгісіз болған. Араға бір жылдан астам уақыт салып, 2026 жылғы 20 қарашада оның мәйіті табылғаны хабарланды.

LIDER.KZ еріктілерінің мәліметінше, қазіргі уақытта ер адамның өліміне қатысты мән-жай анықталып жатыр. Екі азаматтың да қандай жағдайда көз жұмғаны жөнінде әзірге ресми мәлімет жарияланған жоқ.

Back to top button