Өзбекстан 2027 жылдан бастап әліпбиін тағы өзгертеді
Келесі жылы Өзбекстан жаңартылған латын әліпбиіне көшеді. Өзгеріс құжаттарға, мектеп оқулықтарына, тауар қаптамаларына, бұқаралық ақпарат құралдары мен цифрлық қызметтерге әсер етеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Өзбекстанның Әділет министрлігі 21 қарашада әліпбиді өзгертуге арналған үкімет қаулысының жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжат 6 желтоқсанға дейін талқыланады.
Жаңа ережеге сәйкес, O‘, G‘, Sh және Ch әріптері тиісінше Ö, Ğ, Ş және Ç таңбаларымен алмастырылады. Жаңартылған әліпби 28 әріп пен апострофтан тұрады. Заң 2027 жылғы 22 сәуірде күшіне енеді.
Білім беру саласында жаңа әліпбиге көшу 2027-2031 жылдарға жоспарланған. Жаңартылған әріптермен жазылған оқулықтар 2027–2028 оқу жылынан бастап қолданысқа енгізілмек. Ал мұғалімдерге біліктілікті арттыру курстары мен семинарлар ұйымдастырылады.