
Словакияда ауыр қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған төрт Қазақстан азаматы сот шешімімен босатылды. Сот оларды қамауға негіз жоқ деп тапқан. Бұл туралы Словакияның TV Markíza телеарнасы хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.
Прокуратура сот шешіміне шағым түсірді
Күдіктілер қамаудан босатылса да, толық ақталып шықпады. Студенттерге қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Прокуратура соттың бұл шешімімен келіспей, шағым түсірген. Шағым 26 қарашада қайта қаралуға тиіс. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұған дейін Словакияда 4 студенттің ұсталғанын растаған болатын.
«ҚР СІМ-ге Словак Республикасында Қазақстанның төрт азаматының ұсталғаны белгілі. Азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр. Олардың туыстарымен байланыс орнаттық. Бұл жағдай ҚР СІМ-нің бақылауында», – делінген министрліктің Tizgin.kz редакциясына берген жауабында.
Қазақстандық студенттер не үшін ұсталды?
19 қарашада жергілікті БАҚ Александр Дубчек атындағы университетте оқитын төрт студент ұсталғаны туралы жазды. Бастапқыда олардың үшеуі Қазақстаннан келгені айтылған. Кейін Қазақстан СІМ төрт қазақстандық азаматтың ұсталғанын растады.
Тергеу нұсқасы бойынша, 18-21 жас аралығындағы күдіктілер жергілікті тұрғынға қарызға берген ақшасын өндіріп алмақ болған. Олар бетперде тағып, полицияның арнайы жасағына ұқсас қара киім киген. Киімдерінде Словакияның ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес құрылымының NAKA деген жазуы болған.
Олар өздері іздеген ер адамның әжесі тұратын пәтерге барып, оны табуға тырысқан. Кейін ер адамды соққыға жығып, күштеп алып кеткен деген күдікке ілінген. Словакиялық БАҚ мәліметінше, айып тағылған азаматтардың кінәсі дәлелденсе, оларға 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.