Автонесие алу қиындады: банктер өтінімдерді сирек мақұлдап жатыр
Осы жылдың алғашқы жартысында Қазақстандағы банктер 886 миллиард теңгеге автонесие берген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24 пайызға аз. Сонымен қатар автонесиелердің орташа пайыздық мөлшерлемесі өсіп, банктер мақұлдайтын өтінімдер үлесі төмендеген, деп хабарлайды Tizgin.kz inbusibess.kz-ке сілтеме жасап.
Автонесие бойынша берешек қанша
Қаржыгерлер қауымдастығы мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында автонесие алуға берілген өтінімдер саны 9 пайызға қысқарды. Ал несие бойынша орташа өлшенген пайыздық мөлшерлеме 18,8 пайыздан 24,4 пайызға дейін өскен.
Бұған қоса, банктер мақұлдаған өтінімдер үлесі 17,6 пайыздан 16,8 пайызға төмендеді. Қаржы ұйымдары қарыз алушылардың төлем қабілетін бұрынғыдан да мұқият бағалай бастаған. Мұның бір себебі – халықтың нақты табысының баяу өсуі. Осы жылдың алғашқы жартысында бұл көрсеткіш небәрі 0,1 пайызға артқан. Қазір қазақстандықтардың автонесие бойынша жалпы берешегі 4,4 триллион теңгеге жетті. Көлік несиесін өтеу азаматтар табысына түсетін салмақты да арттырған. Егер былтыр автонесиенің ай сайынғы төлемі орта есеппен жалақының 24,7 пайызын құраса, биыл бұл көрсеткіш 30,6 пайызға жеткен. Яғни қазақстандықтар табысының үштен біріне жуығын көлік несиесін өтеуге жұмсап отыр.
Автосалондардағы қосымша төлем мәселесі
Көлік сатып алушылар үшін тағы бір мәселе – автосалондардың автомобиль бағасына қосымша қызметтер мен жабдықтардың құнын енгізуі. Айталық, республика тұрғыны несиеге Geely Emgrand көлігін сатып алмақ болды. Ол алдын ала 900 мың теңге төлеген соң көлік бағасына дабыл жүйесі мен кілемшелер үшін тағы 600 мың теңге қосылғанын білген. Оның айтуынша, автосалон бастапқыда бұл жабдықтарды тегін беруге уәде берді.
Нәтижесінде ай сайынғы несие төлемі тағы 30 мың теңгеге өскен. Сатып алушы келісімшартқа қол қоюдан бас тартқанымен, автосалонмен болған даудан соң алдын ала төлеген ақшасының тек 650 мың теңгесін қайтара алған. Бұған қоса, заңгерлік қызметтер мен өзге де шығындарға 120 мың теңге жұмсады.
Келер жылы шарттар қандай болмақ
Мерзімі өткен берешектің көбеюі де автонесие нарығындағы өзекті мәселенің бірі болып отыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәліметінше, 2026 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен автонесиелер үлесі 3,9 пайызға жеткен. Ақшалай көлемде бұл – 169 миллиард теңге. Ал жыл басында көрсеткіш 3,7 пайыз немесе 150 миллиард теңге болған.
Сонымен қатар Ұлттық банк жекелеген автонесиелерге қатысты борыш жүктемесі коэффициенті бойынша талаптардан ерекшеліктерді 2027 жылдың соңына дейін ұзартты. Бұл жеңілдік елде алғаш рет тіркелетін және банкке кепілге берілетін жаңа автокөліктерге қатысты қолданылады. Ал жүрілген көліктерді сатып алу кезінде қосымша талаптар қарастырылған. Атап айтқанда, автокөлік құнының кемінде 50 пайызы көлемінде бастапқы жарна төлеу қажет. Үш жылға дейінгі көліктер үшін бастапқы жарна мөлшері кемінде 30 пайыз болуы тиіс.