Жаңалықтар

Тоқаев, әнұран және Астана туралы сұрақтар: қазақстандық орыс қыздар тікелей эфирде қалай жауап берді

Әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде ер адам Новосібірде жүрген қазақстандық қыздармен әңгімелесті. Олардың қай елден келгенін білген соң Қазақстан, Президент және қазақ тілі туралы сұрақтар қоя бастады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Тікелей эфир барысында ер адам алдымен қыздармен OnlyFans платформасы туралы сөйлесіп, кейін олардың қай елден екенін сұраған. Қыздар Қазақстаннан келгендерін айтқан. Осыдан кейін ер адам Қазақстанның туына назар аударып, мемлекеттік әнұранның қайырмасын орындауды ұсынған. Кейін ол қыздардың қай елден екенін бірден түсінбегенін айтып, кешірім сұраған.

«Қыздар, кешіріңдер, мен бірден түсінбеппін. Сендердің Қазақстаннан екендеріңді бірден аңғармадым», – деді ер адам.

«Біз өз Отанымызға қайтамыз»

Әңгіме барысында ер адам қыздардың Новосібірде не істеп жүргенін сұраған. Қазақстандықтар бұл қалада білім алып жүргендерін, алайда жақын арада елге оралуды жоспарлап отырғандарын жеткізген.

«Біз жақында үйімізге, Қазақстанға қайтамыз. Бізге бұл жер ұнамады, өз Отанымызға ораламыз», – деді қыздардың бірі.

Осыдан кейін ер адам олардың Қазақстан туралы білімін тексеруге кіріскен. Ол қыздардың бірінен Қазақстан Президентінің тегі, аты және әкесінің атын толық атауды сұраған. Бұдан соң Астана атауының орыс тіліне қалай аударылатыны туралы сұрақ қойған. Сондай-ақ, қыздар Қазақстанның әнүранын айтып берді.

«Мен Қазақстанды жақсы көрем»: қыз қазақ тілінде жауап берді

Тікелей эфирдің соңында ер адам қыздардың бірінен «Я люблю Казахстан» деген сөйлемді мемлекеттік тілде айтуды сұраған.

«Мен Қазақстанды жақсы көрем», – деп жауап берді қыз.

«Бес деген баға, жарайсың!» – деп мақтады ер адам.

Осылайша әңгіме барысында қыздар Қазақстанды өз Отаны санайтындарын және туған елдеріне оралуды жоспарлап отырғандарын айтты.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button