Тоқаев Президенттік орталықты Президент архивіне қосу туралы жарлыққа қол қойды
Қазақстанда Президенттік орталық Президент архивіне қосылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыру туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
2026 жылғы 5 қарашада қабылданған «Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне қатысты кейбір мәселелер туралы» жарлыққа сәйкес, «Қазақстан Республикасының Президенттік орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі Президент архивіне қосылу арқылы қайта ұйымдастырылады.
Президент архивінің штат саны ұлғаяды
Құжатқа сәйкес, Президент архивінің штат саны 168-ден 293 бірлікке дейін көбейеді. Осылайша мекемедегі штат саны 125 бірлікке ұлғаяды.
Жаңа ережеге сәйкес, Президент архиві архивтік, кітапханалық, музейлік, ғылыми-зерттеу және мәдени-ағартушылық қызметпен айналысатын коммерциялық емес мемлекеттік мекеме ретінде жұмыс істейді.
Мекеменің негізгі міндеттеріне Ұлттық архив қорының құжаттарын сақтау, есепке алу және жүйелеу, сондай-ақ кітапхана қорлары мен музей жәдігерлерін жинақтау және зерттеу кіреді.
Президент архивіне қандай міндеттер жүктеледі
Жарлыққа сәйкес, мекеме Президенттің, вице-президенттің, Президент Әкімшілігінің және Мемлекет басшысына тікелей бағынатын мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты құжаттарды жинақтап, сақтайды. Сонымен қатар Президент пен бұрынғы президенттердің жеке архивтері, кітапханалары және музей коллекциялары заңнамада белгіленген тәртіппен осы мекеменің құзыретіне кіреді.
Бұдан бөлек, Президент архиві мемлекеттік органдарды архивтік және ақпараттық материалдармен қамтамасыз етіп, азаматтар мен ұйымдардың архивтік деректерге қол жеткізуіне жағдай жасайды.
Мекеменің тағы бір маңызды бағыты – Қазақстан тарихын, мемлекеттіліктің қалыптасуы мен дамуын, мемлекеттік басқару жүйесі мен президенттік институтының тарихын ғылыми тұрғыдан зерттеу және осы бағыттағы білімді көпшілікке тарату.