Жаңалықтар

«Қазақтар бізді аштықтан аман алып қалды»: шешен азаматы әжесінің естелігін айтты

Қарағандыда шешен ұлтының өкілі ет дүкенінде сауда жасап тұрған қазақ әжейдің сатып алатын етінің ақшасын төлеп беруді ұсынды. Ер адам бұл әрекетінің себебін әжесінен естіген, шешен халқы Қазақстанға жер аударылған жылдардағы қазақтардың жақсылығы туралы естелікпен байланыстырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жүрекке жылу сыйлайтын оқиға туралы әлеуметтік желіде куәгерлердің бірі жазды. Оның айтуынша, ет бөлімінде егде жастағы әйел сатушымен ұзақ сөйлесіп, өзіне қажетті мөлшерде ет алуға тырысқан. Жазба авторы әжейдің ақшасы шектеулі болуы мүмкін деп топшылаған. Осы кезде кезекте тұрған ер адам әжейдің сатып алатын етінің ақшасын төлеп беруді ұсынған.

«Қазақтар бізге бір жапырақ етін бөліп берген»

Кейін ер адам бейтаныс әжейге не себепті көмектескісі келгенін түсіндірген. Оның айтуынша, өзі шешен ұлтынан. Ал әжесі кезінде шешендер Қазақстанға жер аударылғанда қазақ халқының қалай көмектескенін жиі еске алып отырған.

«Мен өзім шешенмін. Менің әжемнің айтуынша, шешендер Қазақстанға жер аударылған кезде ақпан айы болған екен. Күн өте суық болыпты. Жақын маңда қазақтар тұрыпты. Олар бізге келіп көмектескен. Бізге бір жапырақ ет алып келіп, бөліскен. Әжем қазақтар оларға қалай көмектескенін жылап отырып айтатын. Мен ол әңгімені ешқашан ұмытпаймын», – деді ер адам.

«Осындай адамдарды көргенде мақтаныш сезімі кернейді»

Оқиғаның куәгері ер адамның әрекеті мен әңгімесі өзін қатты толқытқанын жазған.

«Арада ондаған жыл өтсе де, олар халқы үшін қиын кезеңде қазақтардың жасаған жақсылығын ұмытпаған. Осындай адамдарды көргенде бойымды мақтаныш сезімі кернейді», – деп жазды ол.

Қарағандыдағы ет дүкенінде болған бұл оқиға адамгершілік пен жақсылықтың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатынын көрсеткендей. Осыдан 80 жылдан астам уақыт бұрын қазақ отбасылары қиындыққа тап болған жандармен бір үзім нанын, бір жапырақ етін бөліскен. Ал бүгінде сол жақсылықты ұмытпаған ұрпақ өкілі қазақ әжейге көмектесу арқылы алғысын білдіргісі келген.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button