Сүлейменова оқушыларға қойылатын талапты күшейтпек
Қазақстанда жалпы білім беретін мектептердің оқу бағдарламасы қайта қаралады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Ana tili» газетіне берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Министрдің айтуынша, соңғы жылдары мектеп бағдарламасы едәуір жеңілдеп кеткен.
«Соңғы жылдары жалпы білім беретін мектептердегі білім беру бағдарламаларын біршама жеңілдетіп алдық. Соның салдарынан балалардың оқу жүктемесі азайып, талап та бұрынғыдай жоғары болмай қалды. Ал НЗМ-де оқу жүйесі мүлде басқа. Апталық жүктеме – 42 сағат. Оқушылар таңертеңнен кешке дейін білім алады. Талап өте жоғары. Үлгерімі төмен болса, мектептен шығып қалуы да мүмкін. Сондықтан оқушы алғаш келген күннен бастап темірдей тәртіпке үйренеді. Мысалы, 11-сынып оқушысы бір күнде кемінде 300 бет оқиды. Бұл – қалыпты оқу ырғағы. Адам кез келген іске дағдыланады. Үнемі қайталау арқылы ол өмір салтына айналады. Зияткерлік мектептердің нәтижесі, ең алдымен, осы жүйелі еңбекте дер едім.
Біз қазір осы тәжірибені жалпы білім беретін мектептерге бейімдеу жолдарын қарастырып жатырмыз», – деді министр.
Осыған байланысты министрлік 7–10-сыныптардың оқу бағдарламасын толық қайта қарап, әр тақырып пен тапсырманы сараламақ.
Сондай-ақ 10-11-сыныптарда пәндерді кеңейтілген деңгейде оқыту және аптасына алты сағаттық тереңдетілген бағдарламаларды енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Министрдің сөзінше, басты мақсат – жалпы білім беретін мектептердің сапасын зияткерлік мектептердің деңгейіне жақындату.