Нұрай ісі: Шерхан Аймаханның адвокаттары неге апелляцияға бергені анықталды
Нұрай Серікбайдың туған–туыстарының құқығын қорғаған адвокат Аянхан Омаров Нұрайдың ісі бойынша сотталған Аймахан Шерханның қорғаушылары тарапынан апелляциялық шағым түскенін және онымен келіспейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Нұрай Серікбайды аса қатыгездікпен өлтірмеген»
«Аймахан Шерханның қорғаушыларымен берілген апелляциялық шағыммен таныстым. Шағымда, сотталған Аймахан Шерханды ҚК-нің 125-1-бабы (некеге тұруға мәжбүрлеу) бойынша ақтауды, сондай-ақ адам өлтіруді Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі 5)тармағынан, 99-бабының 1-бөлігіне ауыстыруды сұрап, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын алып тастауды сұраған. Яғни, «Нұрай Серікбайды некеге тұруға мәжбүрлемеген және оны аса қатыгездікпен өлтірмеген» деп алға тартып отыр! Бұл шағыммен, әрине, келіспеймін. Бірінші сатыдағы соттың шығарған үкімі әділ болды және ол өзгеріссіз қалуы тиіс деп санаймын!» – деп жазды адвокат Аянхан Омаров
Нұрай ісі
Еске салсақ, 11 қаңтар күні Шымкент қаласының тұрғыны Нұрай Серікбай көптеген пышақ жарақатынан көз жұмды. Қылмысқа дейін күдіктінің оған қоқан-лоқы көрсетіп, соңына түскені хабарланған.
16 қаңтарда Ішкі істер министрлігі қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та құқық қорғау органдарының әрекеттерін тексеруді тапсырды. Осыдан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы жұмысынан босатылып, бірқатар қызметкерге салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Нұрайды өлтірді деген күдікті бірнеше күн қашып жүріп, ұсталған. Күдіктіге үш айып тағылған. Бұған дейін Нұрай Серікбайдың туыстары 10 миллиард теңге моральдық өтемақы талап еткен еді.
Прокурор соттан Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған.
Сот шешімімен Нұрай Серікбайды пышақтап өлтірген Шерхан Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ, Нұрайдың ісі бойынша сотталған Аймахан Шерханның қорғаушылары тарапынан апелляциялық шағым түсірілді. Ақпаратты Нұрай Серікбайдың туған-туыстарының құқығын қорғаған адвокат Аянхан Омаров таратты.