Нұрай ісімен сотталған Шерхан Аймаханның қорғаушылары апелляциялық шағым түсірді
Нұрайдың ісі бойынша сотталған Аймахан Шерханның қорғаушылары тарапынан апелляциялық шағым түсірілді. Ақпаратты Нұрай Серікбайдың туған-туыстарының құқығын қорғаған адвокат Аянхан Омаров таратты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“Оны зерделеп, қарсы пікір келтіретін боламын. Енді алдағы уақытта апелляциялық сот отырыстары болады”, – деп жазды ол.
Нұрай ісі
Еске салсақ, 11 қаңтар күні Шымкент қаласының тұрғыны Нұрай Серікбай көптеген пышақ жарақатынан көз жұмды. Қылмысқа дейін күдіктінің оған қоқан-лоқы көрсетіп, соңына түскені хабарланған.
16 қаңтарда Ішкі істер министрлігі қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та құқық қорғау органдарының әрекеттерін тексеруді тапсырды. Осыдан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы жұмысынан босатылып, бірқатар қызметкерге салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Нұрайды өлтірді деген күдікті бірнеше күн қашып жүріп, ұсталған. Күдіктіге үш айып тағылған. Бұған дейін Нұрай Серікбайдың туыстары 10 миллиард теңге моральдық өтемақы талап еткен еді.
Прокурор соттан Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған.
Сот шешімімен Нұрай Серікбайды пышақтап өлтірген Шерхан Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылды.