
Шымкентте Нұрай Серікбайды пышақтап өлтірген Шерхан Аймаханға үкім шықты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сот үкімімен Шерхан Аймахан өмір бойы бас бостандығынан айырылды.
Шерхан Аймаханға қылмыстық кодекстің бірден үш бабы – адам ұрлау, кісі өлтіремін деп қорқыту және аса қатыгездікпен адам өлтіру бойынша айып тағылып, ісі сотта қаралды. Бұған дейін прокурор оны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Сот процесі барысында шабуыл сәті түсірілген бейнежазба көрсетілді. Сот-медициналық сарапшының мәлімдеуінше, Нұрайдың денесінен 35 жарақат анықталған. Жарақаттардың барлығы қыздың көзі тірісінде салынған. Кейбір жаралардың тереңдігі 7-8 сантиметрге дейін жеткен.
Аймахан қызды өлтіргенін мойындады. Алайда ол сол сәтте аффект күйінде болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ сотта Нұрайдың өзіне бірінші болып пышақ сұққанын айтты. Тергеу нұсқасы бойынша, кісі өлтіру оқиғасына дейін Аймахан қызды ұзақ уақыт бойы қудалап жүрген. Оған Нұрайды ұрлап әкетіп, өзін күштеп тұрмысқа шығуға мәжбүрлемек болды деген айып тағылған. Алайда қыздың туыстары араласып, неке қиылмай қалған.
Бұдан кейін де Аймахан Нұрайды қудалауын тоқтатпаған. Бір күннің ішінде ол қызға 76 рет қоңырау шалған.
Нұрай ісі
Еске салсақ, 11 қаңтар күні Шымкент қаласының тұрғыны Нұрай Серікбай көптеген пышақ жарақатынан көз жұмды. Қылмысқа дейін күдіктінің оған қоқан-лоқы көрсетіп, соңына түскені хабарланған.
16 қаңтарда Ішкі істер министрлігі қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та құқық қорғау органдарының әрекеттерін тексеруді тапсырды. Осыдан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы жұмысынан босатылып, бірқатар қызметкерге салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Нұрайды өлтірді деген күдікті бірнеше күн қашып жүріп, ұсталған. Күдіктіге үш айып тағылған.
Бұған дейін Нұрай Серікбайдың туыстары 10 миллиард теңге моральдық өтемақы талап еткен еді.
Прокурор соттан Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.