Нұрай ісі: прокурор соттан Шерхан Аймаханды өмір бойы түрмеге қамауды сұрады
Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесінде тараптардың жарыссөзі басталды. Мемлекеттік айыптаушы соттан Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Айыптаушы тараптың талабы
Прокурор Аймаханды өзіне тағылған үш бап бойынша да кінәлі деп тануды сұрады. Оған адам ұрлау, өлтіремін деп қорқыту және аса қатыгездікпен адам өлтіру айыптары тағылған.
Мемлекеттік айыптаушы осы қылмыстардың жиынтығы бойынша сотталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Енді сот жарыссөзінде процестің өзге қатысушылары сөз сөйлеуге тиіс.
Нұрайды өлтіргенін мойындады
Алдыңғы сот отырысында қайғылы оқиға болған сәт түсірілген бейнежазба көрсетілген еді. Сот-медициналық сарапшы Нұрайдың денесінен 35 жарақат анықталғанын және олардың барлығы қыздың көзі тірісінде салынғанын мәлімдеді. Кейбір жарақаттың тереңдігі 7-8 сантиметрге дейін жеткен.
Шерхан Аймахан Нұрайды өлтіргенін мойындады. Алайда ол қылмыс жасаған кезде «аффект жағдайында» болғанын алға тартты. Бұған дейін сотталушы қыздың өзіне бірінші болып пышақ жұмсағанын айтқан еді.
Марқұмның отбасы сотталушыдан 10 млрд теңге көлемінде моральдық және 14 млн теңге материалдық залал өндіруді талап етіп отыр.
Тергеу: Аймахан Нұрайды аңдып, 76 рет қоңырау шалған
Тергеу нұсқасына сәйкес, Шерхан Аймахан қылмысқа дейін Нұрайдың соңына түсіп, оны қудалаған. Сондай-ақ ол қызды ұрлап әкетіп, өзіне тұрмысқа шығуға мәжбүрлемек болды деп айыпталып отыр.
Туыстары араласқаннан кейін неке қиылмағанымен, Нұрайды қудалау тоқтамаған. Тергеу материалдарында Аймаханның бір күннің ішінде қызға 76 рет қоңырау шалғаны көрсетілген.
Нұрай ісі
Еске салсақ, 11 қаңтар күні Шымкент қаласының тұрғыны Нұрай Серікбай көптеген пышақ жарақатынан көз жұмды. Қылмысқа дейін күдіктінің оған қоқан-лоқы көрсетіп, соңына түскені хабарланған.
16 қаңтарда Ішкі істер министрлігі қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та құқық қорғау органдарының әрекеттерін тексеруді тапсырды. Осыдан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы жұмысынан босатылып, бірқатар қызметкерге салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Нұрайды өлтірді деген күдікті бірнеше күн қашып жүріп, ұсталған. Күдіктіге үш айып тағылған.
Бұған дейін Нұрай Серікбайдың туыстары 10 миллиард теңге моральдық өтемақы талап еткен еді.