ЖаңалықтарТергеу

Нұрай Серікбайдың туыстары 10 миллиард теңге моральдық өтемақы талап етті

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасуда.

7 тамыздағы сот отырысында марқұмның отбасының адвокаты Аянхан Омаров материалдық және моральдық шығынды өтеу туралы азаматтық талап-арыз берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Материалдық шығын көлемі – 14,7 млн теңге

Адвокаттың айтуынша, отбасы 14 739 065 теңге көлемінде материалдық шығынға ұшыраған.

Бұл қаражат жерлеу рәсіміне, ас беру шығындарына (40 күндік асына дейін), ескерткіш орнатуға, көлік және заңгерлік қызметтерге, сондай-ақ тергеу мен сот процестеріне қатысуға жұмсалған.

Моральдық өтемақы ретінде 10 миллиард теңге сұралды

Марқұмның туыстары соттан 10 миллиард теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіріп беруді сұрады.

Адвокаттың сөзінше, ешқандай ақша ата-анасы мен бауырларының қайғысын жеңілдете алмайды.

«Ата-анасы жалғыз қызынан айырылды. Оны сүйіспеншілікпен өсіріп, тәрбиеледі. Ал ағалары сүйікті қарындасынан көз жазып қалды. Баласынан айырылған ата-ананың қайғысын ешқандай материалдық құндылықпен өлшеу мүмкін емес. Қанша көлемде өтемақы талап етілсе де, ол Нұрайды қайтара алмайды және олардың жан жарасын емдей алмайды», – деді адвокат.

Өтемақы қайырымдылыққа жұмсалады

Адвокаттың мәлімдеуінше, егер сот талап-арызды қанағаттандырса, 10 миллиард теңге көлеміндегі моральдық өтемақы толықтай қайырымдылыққа аударылады.

Айыпталушы талаппен келіспеді

Талап-арыз оқылғаннан кейін судья айыпталушыдан қойылған талаптарды мойындайтын-мойындамайтынын сұрады. Айыпталушы талаптармен келіспейтінін айтты.

Айыпталушыға қандай айып тағылып отыр?

Еске салайық, 28 жастағы Шерхан Аймаханұлы Аймаханға Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылған:

  • аса қатыгездікпен адам өлтіру;
  • некеге тұруға мәжбүрлеу;
  • сталкинг (қудалау).

Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр.

Еске салсақ, Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай мен оның адвокаты Аянхан Омаров үндеу жасап, істі қарап жатқан сотқа сенетіндерін мәлімдеді. Сонымен қатар олар айыпталушыны өмір бойына соттау керек деп отыр.

 

Back to top button