
Шымкентте кісі қолынан мерт болған Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай мен оның адвокаты Аянхан Омаров үндеу жасап, істі қарап жатқан сотқа сенетіндерін мәлімдеді. Сонымен қатар олар айыпталушыны өмір бойына соттау керек деп отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сұлтан Серікбай мен Аянхан Омаров не дейді
Жәбірленушінің айтуынша, прокуратура Нұрайға 36 рет пышақ сұғылғанын атап көрсеткен.
“Бірінші рет алты рет сұққан, содан кейін айналып келіп 30 рет сұққан. Оның бәрін куәгерлердің көзінше жасаған. Жеке өз ойым: алты рет пышақ сұғылғаннан кейін Нұрай тірі қалар ма еді? Өйткені 30 соққыдан кейін жаны қатты қиналғаны көрініп тұр. Пышақтың жай пышақ емес екенін айтып өткім келеді. Кизляр пышағы екені айтылды. Кизляр пышағы тапсырыспен ғана аңшылыққа арналып арнайы металдан жасалады. Өте қатты, жуан, соққысы өте ауыр болады. Сот әділ шешім қабылдайды деп сенеміз”, – деді Сұлтан Серікбай.
Адвокат Аянхан Омаров қылмыс аса қатыгездікпен жасалғанын, сол үшін айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап ететіндерін айтты.
“Сол жазаға жеткізу үшін бар күш-жігерімді, білім-білігімді, тәжірибемді бағыттаймын. Халықтың арасында арандатарлық әрекеттерге бармайды сұраймын. Себебі біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Сотқа сенім білдіреміз. Істің соңғы нүктесін сот қояды деп сеніп отырмыз”, – деді адвокат.
Нұрай ісі
Еске салсақ, 11 қаңтар күні Шымкент қаласының тұрғыны Нұрай Серікбай көптеген пышақ жарақатынан көз жұмды. Қылмысқа дейін күдіктінің оған қоқан-лоқы көрсетіп, соңына түскені хабарланған.
16 қаңтарда Ішкі істер министрлігі қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та құқық қорғау органдарының әрекеттерін тексеруді тапсырды. Осыдан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы жұмысынан босатылып, бірқатар қызметкерге салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Нұрайды өлтірді деген күдікті бірнеше күн қашып жүріп, ұсталған. Күдіктіге үш айып тағылған.