Нұрай ісі бойынша апелляция соты өтетін күн белгіленді
Кісі қолынан аяусыздықпен мерт болған Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай апелляция соты қашан өткізілетінін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сұлтан Серікбайдың айтуынша, апелляция соты 24 қыркүйек күні сағат 10.00-де өтеді. Сот отырысы Шымкент қалалық сотының ғимаратында болады.
Нұрай ісі
Еске салсақ, 11 қаңтар күні Шымкент қаласының тұрғыны Нұрай Серікбай көптеген пышақ жарақатынан көз жұмды. Қылмысқа дейін күдіктінің оған қоқан-лоқы көрсетіп, соңына түскені хабарланған. 16 қаңтарда Ішкі істер министрлігі қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та құқық қорғау органдарының әрекеттерін тексеруді тапсырды. Осыдан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы жұмысынан босатылып, бірқатар қызметкерге салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Нұрайды өлтірді деген күдікті бірнеше күн қашып жүріп, ұсталған. Күдіктіге үш айып тағылған. Бұған дейін Нұрай Серікбайдың туыстары 10 миллиард теңге моральдық өтемақы талап еткен еді.
Прокурор соттан Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған. Сот шешімімен Нұрай Серікбайды пышақтап өлтірген Шерхан Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ, Нұрайдың ісі бойынша сотталған Аймахан Шерханның қорғаушылары тарапынан апелляциялық шағым түсірілді.